Тимоти Декстер 1747 жылы 22 қаңтарда Массачусетс штатының Мадлен қаласында дүниеге келген. Алғашында фермер болып жұмыс істеп жүріп, кейін қайыс илеушінің шәкірті болады. Жиырмаға толғанда, бар жиған-тергені тоғыз долларды қалтасына салып, дамыған Ньюберипорт қаласына көшіп кетеді де, 31 жасар жесір бай әйел Элизабет Фротингемге үйленеді.
Декстер өзін жарқын бизнесмен санайды. Әйелінің ақшасын пайдаланып, ол барлық бизнесмендер сияқты акциялар сатып алып отырған. Қандай акция сатып алуды да білмей, ең арзанын ала берген. Олардың бағасы өскен сайын Декстердің де қалтасы қалыңдаған.
Бәсекелестері білімсіз Декстердің қылықтарына күліп, оған пайдаға аспайтын кеңестер беріп отырған. Бір саудагер оған қалжыңдап, колонизацияға ұшырап жатқан Батыс Үндістанға таба, қолғап пен інжіл керек деп айтады.
Бұл аймақтарда әрдайым жаз екенін білмеген Декстер кеңеске құлақ түріп, 40000-дай таба, 40000 қолғап пен 40000 інжілді кемеге салып, сол жаққа жөнелтеді. Сөйтіп, түскен пайданы күтіп жатады.
Декстердің жолы болады, өйткені оның тауары Батыс Үндістанға түскен кезде діни қозғалыстар болып жатады да, оның інжілінің 100%-ы өтіп кетеді. Тағы Батыс Үндістан портына ресейлік саудагерлер тұрақтап, барлық қолғаптарды сатып алады. Бұнымен Декстердің екі есе жолы болады.
Табалар сол күйі қоймада жатады, бірақ кейін бір өнертапқыш фермер табадан балықты цистернаға аударуға арналған ожау жасауға болатынын түсінеді. Міне, осылай 100% кіріспен табалар да өтіп кетеді. Бұл келісім-шарттар Декстерге 150 000 доллардай қаржы әкеліп, әп сәтте байлардың қатарына енгізеді.
Саудагерлер Декстердің сәттілігін қызғанып, оны тағы да басқа келеңсіз әрекеттерге итермелейді. Оған бар ақшасын көмір өндіруге салып, Англияның Ньюкасл қаласына жіберуіне кеңес береді. Декстер Ньюкаслдың көмір өндіру өнеркәсібінің орталығы екенін білмейді. Сондықтан ол бірнеше кеме жалдап, Вирджиния көмірімен толтырып, Англияға жөнелтеді.
Бірақ халық арасында келеке болудың орнына, бұл жолы да Декстерге сәттілік серік болады: Ньюкаслда болып жатқан көтерілістердің кесірінен шахталар жабылып, көмір өндіру тоқтатылады. Дәл осы сәтте Декстер жіберген көмірді тұрғындар екі есе бағамен сатып алып, кірістен Декстер одан бетер байлыққа көміле түседі.
Жасы келген сайын Декстер одан бетер мәжнүн бола бастайды. Әйелі Элизабеттің мылжыңынан жүйкесі тозған Декстер онымен ұрсысудың орнына, оны өліп қалған деп есептеп, үйінде жүрген елес деп қабылдаған. Біреулер келген уақытта да: «Мынау миссис Декстер, менің әйелімнің елесі» деп таныстырған.
Ақымақтығының кульминациясы оның естелік кітап жазуы болады. «Ақылдыларға арналған сандырақ немесе тұрпайы көйлек жайлы шындық» деген атпен шыққан кітапта сөйлемдер бірде бір тыныс белгісіз байланысып, ешқандай мағына бермеген. Декстер мыңдаған данасын шығарып, бірнеше қалаларға жіберген. Бір қызығы, барлық кітабы өтіп кеткен. Кейін Декстер тек тыныс белгілерден ғана тұратын кітап шығарып, алдыңғы кітаптағы сөйлемдердің қай жеріне қойғыларың келеді, сонда қойып алыңдар деген екен.
Дайындаған: Анар Мұстафина
Сурет: vk.com, prostointeresno.com