- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Шоқанның Қашқарияға сапары...
Шоқанның Қашқарияға сапары
Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлиханов бар болғаны 30 жыл өмір сүрді. 30 жылдың ішінде Шоқан көп жұмыс атқарды. Саналы ғұмырын зерттеуге, зерделеуге арнады. Сол жұмыстарының ішіндегі Шоқанның шоқтығын биік қып көрсететін Қашқария сапары еді.
1858 — 1859 жылдардағы Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашғария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Ресей жағрафиясы ғылымында өшпес жазба мұра боп қалған Қашқария сапарына Шоқан Уәлиханов 1858 жылы маусымда, 22 жасында аттанған. Ол үлкен жолға Семей көпесінің керуенімен бірге шыққан. Уәлиханов бұл сапарына басын тақырлап, үстіне шапан киіп, Әлімбай көпес деген лақап атпен шыққан. 1859 жылдың 12 сәуірінде сапарының басталғанына 11 ай болғанда Шоқан Уәлиханов Верныйға қайтып оралады. Экспедиция қорытындысы бойынша ол "Алтышара немесе Қытайдың Нан Лун провинциясындағы (кіші Бұқара) алты шығыс қаласының жағдайы туралы" (1858-1859) есеп әзірлеп, жазып шығады. Оның бұл еңбегі Ресейдің және одан тысқары елдердің шығыстанушыларымен жоғары бағаланып, көп ұзамай ағылшын тілінде де аударылып басылады.
Саудагер ретінде Қашғарияға құпия барған Шоқан, өлкенің экономикалық саяси құрылымын зерттеп, оның тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді.
Қашғарияға сапарынан кейін Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің арнайы шақыруымен Петербургте келіп, сонда бір жылдай тұрып ғылыми жұмыстармен айналысады. Алайда туберкулез ауруы меңдегендіктен Петербургтен елге, Сырымбетке оралады. Туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды шенеуніктерден, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достоевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмайды. Шоқан қарсыласынан көп дауыс алып жеңіске жеткенімен, генерал-губернатор оның халық арасында ықпалы мен беделі зор болып кетеді деп сескеніп, «науқасына байланысты қызметтен бас тартты» деген өтірік сылтаумен аға сұлтандыққа бекітпей қояды.
1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтің шақыруымен Әулиеата жорығына қосылады. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресей қарамағына бағындыру мақсатын көздеген бұл жорыққа аудармашы, жергілікті халықпен бейбіт мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қатысқан ол, полковник Черняевтің Әулиеатаны (қазіргі Таразды) алу кезінде шәһар халқына жасаған жауыздығын көргесін, ренжіп, кейін қайтады. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылында (бұрынғы Талдықорған облысы, жазда Күреңбел жайлауы, қыс кезінде Алтынемел асуының күнгейі) тұрақтап қалады. Сонда Тезектің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады.
А. Оралқызы