Марк Твеннің шын есімі - Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс. Қазіргі кезде ел-жұрт оны талантты жазушы, әйгілі қоғам қайраткері ретінде таниды. Марк Твен 1835 жылдың 30 қарашасында АҚШ-тағы Миссури штатында дүниеге келді. Он екі жасқа келгенде әкесі дүние салып, отбасы материалдық қиындыққа қалды. Осының әсерінен жас бала типографияға жұмысқа тұрып, жастайынан еңбекке араластыі. Тап сол жерде өзінің туған ағасы да жұмыс істейтін еді. Сонда жүріп Сэм аздап мақала жазуды да меңгерді.
18 жасқа келгенде елді аралап, саяхаттап та үлгерді. Сонымен қатар кітап оқуды ерекше сүйетін еді. Бала кезінен бастап Теккерей, Диккенс, Эдгар По, Шекспир, Сервантес секілді классиктердің еңбегімен таныс болған ол өте білімді болып өсті.
Кейінірек Сэмның бала арманы орындалып лоцманның көмекшісі болып қызметке орналасты. Тіпті өз бетінше кемелерді де басқара алатын жағдайға жетті. Бірақ көп ұзамай басталған азаматтық соғыс оған бұл салада еңбек етуге мұрша бермеді.
1861 жылы Сэм ағасымен қосылып елдің батысына күміс кенінің көзіне байлық іздеп аттанады. Дегенмен бұл талпыныстан ештеңе шықпады. Есесіне Сэм Клеменс осында жүріп жазушылық қабілетін шыңдады. Осылайша 1863 жылы оның алғашқы әңгімесі жарық көрді. Туынды «Mark TWAIN» деп аталды. Осының әсері болса керек, кейінірек Сэм Марк Твен деген лақап атпен таныла бастады..
Түрлі саланың адамдарымен таныстығы оны жазушы ретінде дамыта түсті. Неге десеңіз осы білгендері арқылы ол Америка халқын әзіл-қалжың формасында сипаттап, көптеген туындылар жазып шықты.
"Том Сойер" фильмінен көрініс (2011). Режиссер: Хермини Хунтгебурх
Шыны керек, Твенді бастапқы кездері ешкім тұлға ретінде қабылдаған жоқ. Бірақ кейінірек Марк Америка прозасында төңкеріс жасады. Қарапайым халықтың бет бейнесін шынайы бейнелеп, көпшіліктің жүрегін жаулап алды. Тіпті біршама шығармалары кейінірек экранизацияланды.
Қазақ оқырмандарына жазушының «Том Сойердің бастан кешкендері», «Ханзада мен жарлы», «Гекльберри Финнің оқиғасы» атты еңбектері кеңінен танымал.
Марк Твен 1910 жылдың 21 сәуірінде дүниеден озды.
сурет: everywritersresource.com, radioromantika.ru