- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Планета адамы -...
Планета адамы - Агата Кристи
Әйгілі ағылшын жазушысы Агата Мэри Кларисса Миллер 1890 жылдың 15 қыркүйегінде Девон графствосының Торки елді мекенінде дүниеге келді.
Кристи көпшілікке детективтік шығармаларымен танымал. Оның туындылары әлі күнге дейін халық арасында ерекше ықыласпен оқылып жүр.
Жазушының алғашқы романы "Стайлздағы оқиға" деп аталды (The Mysterious Affair at Styles , 1920). Бұл еңбек халық арасында үлкен резонанс тудырғандығы соншалық, кітап бірер аптаның ішінде барлық дүкенде сатылып кетті. Жалпы Кристидің еңбектерінің бір ерекшелігі - әр кітабы алдыңғы туындының жалғасы іспеттес болды. Мысалы, алғашқы романындағы басты кейіпкер Эркюл Пуаро оның кейінгі еңбектерінде де оқырман назарынан тыс қалған жоқ.
Бұдан соң жазушы "Роджер Экройдтың өлімі" атты романын жариялады (The Murder of Roger Ackroyd , 1926). Ал 1975 жылы "Шымылдық" деп аталатын роман жарық көрді. Бұл кітапта әңгіменің басында сөз болған Эркюл Пуаро қаза табады. Есесіне халықтың ілтипатына бөленген Мисс Марпл атты кейіпкер пайда болды. Мисс Марпл алғаш рет Викарияның үйіндегі өлім (Murder at the Vicarage , 1930) атты романда аталды.
Жалпы алғанда Кристи ұзын саны 60 детективтік роман мен 19 жинақ басып шығарды. Және айтпай кетпеуге болмайтын нәрсе мынау. Оның еңбектері көптеген әлем тілдеріне аударылған. Шекспирден кейін бұндай құрметке ағылшын жазушыларынан ешкім ие бола алмаған.
Жазушының халыққа "Шығыс экспрестегі өлім" (Murder in the Calais Coach , 1934), "Бағдаттағы кездесу" (They Came to Baghdad , 1957), "Миссис Макгилликаддидің көргендері" (What Mrs. McGillicuddy Saw! , 1957); "Түнгі қараңғылық" (Endless Night , 1968), "Хэллоуин кеші" (Halloween Party , 1969) және "Тағдыр қақпасы" (Postern of Fate , 1973) атты еңбектері кеңінен танымал.
Кристи драматург ретінде де елдің аузында жүрді. Лондондағы театрларда оның ұзын саны 16 пьесасы қойылды. Мысалы "Куәгер" (Witness for the Prosecution), "Қақпан" (The Mousetrap) романдарына қойылған пьесаларды келтіруге болады.
1956 жылы Кристи екінші дәрежелі Британ Империясы орденімен марапатталды. Әйгілі жазушы 1976 жылдың 12 қаңтарында Уоллингфордта дүние салды.
сурет: guardian.co.uk