Марк Цукербергтің өмір жолы (жалғасы)

Басы

Университетте оқу оқып жүргенде Маркті Дивья Нарендра және ағайынды Камерон мен Тайлер атты курстастары жаңа жобаны бірігіп іске асыруға шақырады. Қарапайым тілмен айтқанда Гарвард университетінің базасын пайдалана отырып, танысу сайтын жасап шығу керек болды. Марк алғашқы кезде келісім берсе де, кейін өз желісін құруға ден қойып, олардан бөлінді. 

Осылайша Марк Цукерберг өзінің жақын достарымен қосылып, ең алғышқы әлеуметтік желіні жасауға кірісті. Жобаны Facebook деп атап, ерекше қарқынмен жұмысқа кірісіп кетті. Марктің өзіне деген сенімділігі сонша, 2004 жылы екінші курстың соңында университеттегі оқуын тастап, басын толығымен facebook-ке салады. 


Алғаш кезде жоба авторлары университет жатақханасында жұмыс жасады. Кейінірек Калифорния штатындағы Пало-Альто қаласына ауысты. Жобаның сәтті болғаны соншалық, 2004 жылдың аяғында сайттағы қолданушылар саны 1 миллионға жетті. Сайт авторлары қолданушылар санын бұдан да арттыру мақсатында штаттағы түрлі университеттермен жұмыс істеді. Қомақты инвестиция іздеді. 

Алғаш кезде сайтты сатып алуға құлық танытқан компаниялар өте көп болды. Yahoo-дан бастап, MTV Networks-қа дейін қызығушылық танытып, жобаны сатып алуға дайын болды. Бірақ Марк бұл ұсыныстардың барлығынан бас тартып, сайтты жан-жақты дамытуға ден қоя берді. 

2005 жылы facebook-ке Accel компаниясы 2,7 млн доллар инвестиция құйды. Осылайша 2005 жылдың аяғында сайттағы қолданушылар саны 5,5 миллионға жетті. 

Бизнес осылайша жақсы дамып жатқан тұста, Марк қиын кедергінің астында қалды. 2006 жылы әңгімеміздің басында сөз болған Марктің курстастары оған идеямызды ұрлады деген айып тағып, өтемақы талап етті. Цукерберг әлбетте кінәні өз мойнына алған жоқ. Ол кезде ойластырылған жоба мен фэйсбуктің концепциясы ек бөлек нәрсе екендігін айтып, басын алып қашты. Дегенмен кейінірек Марк 65 млн доллар өтемақы төлеп, құтылғандай болған. Бірақ 2011 жылы да бұл әңгіме әрі қарай өрбіп, жаңа проблемалар шығып жатқанға ұқсайды.

Марк пен Чан

Марктің жеке өміріне келсек, қазіргі кезде ол Чан атты қытайлық қызбен көңіл жарастырып жүр. Жұп Гарвардта оқып жүрген кезде танысыпты. 

сурет: nice2look.net, besage.ru