- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Марафоншылар Қонаевты еске...
Марафоншылар Қонаевты еске алу күніне орай 116 км жүгіріп өтті
Алматыда мемлекеттік қайраткер, ғалым Дінмұхамед Қонаевты еске алу күнінің аясында ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі хабарлады.
Шара Алматы уақытымен 12.00-де Бөгенбай батыр көшесінің бойында, Қонаев пен Төлебаев көшелерінің арасында өтті. Жиылған жұрт монументке гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздік арқылы қайраткерге құрметін білдірді. Шараға ғалымның достары, туыстары, түрлі қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары келіп қатысты. Алматы әкімшілігінің атынан әкімнің орынбасары Серік Сейдуманов келді.
Алматы марафон клубының мүшесі Алпыс Ермағамбетов бұл күннің құрметіне 15 адам 116 шақырым қашықтықты жүгіріп өткендігін айтты. "Бұл күн Қонаевты еске алу күні болып есептеледі. Осы оқиғаға байланысты біз 116 шақырым жүгіріп өттік. Таңғы 5-те Бартоғай суқоймасының маңында сапарға кірістік. Осылайша Үлкен Алматы каналының бойымен жүгіріп отырып 12.00-де ескерткіштің алдына келдік. Трасса бойында жиылған жұрт бізге қол соғып, қошеметтеп отырды", - деді марафоншы.
Гүл қою салтанатынан кейін жиналғандар Қонаевтың үй-мұражайына кіріп жәдігерлерді тамашалады. Содан соң шараның арнайы қонақтары үшін еске алу асы ұйымдастырылды. Қонаев атындағы халықаралық қордың бас директоры Жаннет Асқарованың айтуынша, жиынға 350 адам арнайы шақырылған. Гүл қою шарасына арнайы брошюралар мен қайраткер туралы кітаптар, арнайы төсбелгілер дайындалыпты. Асқарова сонымен қатар, биыл Қонаевтың туғанына 100 жыл толғанын еске сала отырып, 12 қаңтар (туылған күні) мен 22 тамыз (дүниеден өткен күні) аралығында Қазақстанда түрлі шаралардың жоспарланып отырғандығын айтты.
Және де бүгін, яғни, 22 тамыз күні қала кинотеатрларының бірінде Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмнің тұсауы кесіледі. "Фильм Қонаевтың 100 жылдығына орай мемлекеттік тапсырыспен түсірілді. Президенттің ұйғаруымен бұл жұмысқа қаржы бөлінді. Картина өте қызықты болып шықты. Фильм "Естеліктер түйіндері" деп аталады", - деді Асқарова.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: smgazeta.kz