Аяулы оқырмандарымызды орыс халқының әйгілі ғалымы Лев Гумилевтің өмірімен қысқаша түрде таныстырмақпыз. Бұл кісі нақты не нәрсемен айналысқан деген сұрақ мазалап, білгіңіз келіп отырса, әңгімені Гумилевтың тарихшы этнолог, тарих ғылымдарының докторы, география ғылымдарының докторы, ақын, парсы тілінің аудармашысы болғандығын айтудан бастайық.
Николай Гумилев пен орыстың әйгілі ақыны Анна Ахматованың перзенті Лев 1912 жылдың 1 қазанында дүниеге келді. 1930 жылы Ленинград университетіне түсуге тырысқан оны халық жауының ұлы деген желеумен емтиханнан өткізбей тастады. Дегенмен болашақ ғалым оған мойымай, ғылым жолына өз бетімен түсе берді. Саян, Памир аймақтарына жасалған бірнеше экспедицияға қатысты.
1934 жылы Гумилев өзі қалаған Ленинград университетінің шығыстану бөліміне түсті. Бірақ оның бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Бір жыл өтер-өтпестен оны "қылмысты көре тұра хабарламады" деген себеппен оқудан шығарып жіберді. Шығарғаны былай тұрсын, үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге де тоғытты. Бірақ анасы Анна Ахматованың түрлі инстанцияларға хат жазып, шыр-пыр болғанынан кейін, бір жыл өткесін Левты абақтыдан босатты.
Лев Гумилев және анасы Анна Ахматова. 1960 жыл
1937 жылы болашақ ғалым университетіне қайта оралып, оқуына кірісті. Әй, бірақ аңдыған жау алмай қоймасы анық қой. Бір жыл өткен соң оны түрлі себептерді сылтау қылып, 5 жылға соттап, Беламор-Балтық каналын салуға аттандырып жібереді. Аз уақыт сонда еңбек еткен соң, Лев Норильскідегі ГУЛАГ-қа аттанып кете барады.
1943 жылы түрмеден шыққан соң, ол фронтқа сұранып, өтініш береді. Өл өтініші бір жыл өткеннен кейін қабыл болып, 1944 жылы Берлинді алуға қатысқан штрафбат қатарына қосылады.
1946 жылы дипломын қорғап, аспирантураға оқуға түседі. 1948 жылы қайта 10 жылға сотталып, бағына орай түрлі себептердің әсерінен 1956 жылы бостандыққа шығады.
Лев Гумилев бірнеше жылдан соң, Ленинградқа оралып, докторлық диссертациясын қорғайды. Бұл жұмысы 1967 жылы «Ежелгі түркілер» деген атпен басылып, халыққа жария болды. 1956 жылдан кейін ғалым Ленинград университетінің география факультетінде дәріс оқыды. 1974 жылы екінші докторлық диссертациясын қорғап шығады («Этногенез және жер биосферасы»)
Ғалымның көзі тірі кезінде жаңалықтары ресми ғылыми еңбек ретінде бағаланбаған. Гумилев тек қайта құрудан кейін ақталып шықты.
Орыс халқының ұлы ғалымы 1992 жылы дүние салды.
сурет: liveinternet.ru, akhmatova.org