Леонардо да Винчидің өмір жолы

Ардақты оқырмандарымызбен атақты суретші, архитектор, философ, инженер, математик, музыкант, мүсінші ғалым Леонардо да Винчидің өмірі туралы сұхбат құрмақпыз. 

Леонардо 1452 жылы Винчи қаласындағы бай нотариустың отбасында дүниеге келген. 15 жасынан бастап, Верроккьо атты суретшіден тәлім ала бастаған ол оқушы кезінде-ақ, өз ұстазынан асып түсіп, ерекше дарынын байқатты. Жас кезінде тек сурет өнерімен ғана айналыспай, астрономия, физика, математика ғылымдарын да қызығып, оқыды. Бойында мұндай қызығушылықтардың тууына себеп болған астроном Тосканелли болатын. 

Оның алғаш картиналарының өзі италия халқында ерекше дарынның пайда болғандығынан хабар берді. Мысалы, «Сүйінші», «Мадонна Бенуа» атты еңбектері сол кездің өзінде бар халықты тамсандырды. Дегенмен картиналарының ерекше құрметке ие болуы оның басқа ғылымдармен айналысуына кедергі бола алмады. Адам және жан-жануарлар анатомиясы, механика, архитектураға да көңілін бөлген ол бұл салада да білімін жетілдіре береді. 

Атақты " Джоконда" картинасының авторы тірісінде өзінің жазушылық қасиетін де байқатты. Сол кезеңдерде сурет салу өнері белең алғанымен, оны теориялық тұрғыдан бекіткен ешкім болмады. Осы миссияны өз мойнына алған Леонардо сурет салу ғылымының да негізін салды. 

15 ғасырдың 80 жылдары ғалым Миланға көшіп барады. Людовик Мороның сарайында тұрақтаған ол сол жерде гидромеханика мен әскер ілімін меңгереді. Сонымен қатар, сарайдағы от шашуларды ұйымдастырумен айналысады. Ал мына ізденістері тіпті қызық. Сол кездің өзінде ол ұшу аппараты, су асты қоңырауы, су асты кемесі секілді бастамаларды қолына алған. 

Осылай әмбебап ғалым 1499 жылы Венецияда, кейін Флоренцияда, 1514 жылы Римде өмір сүреді. Қай жерде жүрсе де, суретші ғажайып картиналар салып, елді тамсандырумен болады. 1503 жылдың шамасында ол әлемге әйгілі "Мона Лизаны" салып шығады. Ал 1516 жылы бірінші Францисктың шақыртуымен, Францияға көшеді. Өмірінің соңғы 4 жылын осында өкізген ол, аяқталмаған еңбектерін аяқтаумен айналысады. 

Леонардо да Винчи. "Өлім"


Оның ең жақсы туындылары ретінде "Бақсылар тағзымы", "Кеш құпиясы", "Қасиетті отбасы", "Мадонна Литти", "Мона Лиза" секілді еңбектері көп аталып жүр. Сонымен қатар ғалымның артынан 7 000 парақ жазбасы қалған. Ол жазбалар жүйеленіп, кейіннен 3 трактат болып халыққа жария болды. Атап айтсақ, "Көркемөнер трактаты", "Атлантикалық кодекс", "Құстың самғауы туралы трактат".

Ұлы ғалым 1519 жылы Клу (Кло-Люсе) сарайында дүние салды. 

Құрметті оқырмандарымызды алдағы уақытта Леонардо да Винчидің нақыл сөздерімен таныстыратын боламыз. Массагеттен көз жазып қалмаңыз.

сурет: photo.nemiga.info, bibliotekar.ru