- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Қуаныш Кәрім: «Жан...
Қуаныш Кәрім: «Жан мейірі» – жанымызды жалындатса деймін...»
Қуаныш Кәрім, «Жан мейірі» рухани-әлеуметтік журналының директоры:
«Жан мейірі» – жанымызды жалындатса деймін...
- Қуаныш, «Жан мейірі» журналын жарыққа шығарып отырсың. Жетім балалар мен мүгедек жандарға бұдан басқа да түрлі іс-шаралар өткізіп жүр екенсің. Мұндай істерді атқаруға не түрткі болды?
- Түс көрген жоқпын немесе көктен аян берілген жоқ. Өз басымнан өткен шытырманның барлығынан да сабақ алуымнан шығар. Ол кезде Қазақ Ұлттық университетінің екінші курсында оқитын едім. Бала кезімде алған жарақатым асқынып, ауруханаға түстім. Дәрігерлер балтыр тамыры кеңейген деген диагноз қойды. Балдақпен жүріп, аурухананың иісінен жеріген менің ойым өзгеріп салды. Адам баласы ауырмасыншы деген тілегімнің бір ұшы осындай істермен айналысуға алып келді. Ауырған адамның көңіл-күйі сау адамдай болмайды. Көңіліне сәл қылаң түссе ол оның өміріне өзгеріс әкеледі. Менің мақсатым – өмірдің өктемдігін көріп, тағдырдың талқысына түскен жандарға көмек қолын созу ғана. Басқандай ой тіпті жоқ.
- Журнал жайлы мәлімет берсеңіз...
- Журналымыз әлеуметтік-рухани тақырыптарды қаузайды. Белгілі бір шекарада қалып қоймай, адам баласына жақын, көңілін шын елеңдетер дүниелерді сараптап, санадан екшеп шығарып отырамыз. Аспаннан түскен білікті маман емеспіз, барлығымыз да ҚазҰУ-ды былтыр ғана бітірген түлектерміз. Басымыз қосылып, бабымызды келтіріп жатқандаймыз. Журналымыз 28 беттік. «DosTAR» баспаханасынан ай сайын 5000 данамен шығып отырады. Бұйыртып жатса, бұл санды арттыру ойда бар. Негізінде, баспасөз құралы халықтың мұң-мұқтажын айтып, көрсетіп отыруы тиіс. Журнал концепциясына сәйкес, біз жетім балалар мен мүгедек жандарды жиі шығарамыз. Себебі «Көп түкірсе көл» демей ме, қалталы ел азаматтар біздің кейіпкерлерімізге көмек қолын созар деген ойымыз бар.
- Қазір адым аяқ бассаң ақша деп алақанын жаятын заман. Журналыңыздың шығынын қалай өтеп отырсыздар?
- Шүкір, осы істі бастаймыз дегенде-ақ тілеулес, жанашыр азаматтар табылды. Бағымыздың бары. Әйтпесе, істің қиын екенін сіз бен біз білеміз. Әзірге олардың аты-жөндерін айтуды жөн көрмедім. Қайткенде де нәтиже шығып отыр емес пе? Қайырымы қайтсын дейміз. Алғысымыз зор.
- Жақында Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер үйінде «Мейірімді жүрек» атты қайырымдылық концерттеріңіз өткенін білеміз...
- Иә, Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен түрлі әзіл-сықақшылар қатысқан бұл кеш қалың көпшіліктің көңілінен шықты десек, артық айтқандық болмас. Мұны кеш соңына дейін тапжылмай тыңдаған көрермен ықыласы мен ризашылығынан анық байқауға болады. «Сәл демеу зорға сүйеу болады» деп Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) айтпақшы, «Осындай жерде мынадай концерт өткізсек...» деген күннен бастап, әншілер қауымы мен жұртшылық арасында үлкен қолдауға ие болдық. Қайырымдылық концертінің өз мәнінде өтуіне өзіндік үлес қосып, жанашырлық, түсіністік танытқан өнерпаздарға да, келген қарапайым көпшілікке де алғысымыз шексіз. Әндерімен, шығармашылығымен балалардың жүрегінен орын алған әншілермен жүздестіру, қалаған сұрақтарын қойып, сұхбаттасуға мүмкіндік жасау, өскелең шағында қиындықпен бетпе-бет келген жасөспірімдердің бір сәт болса да көңілін аулау еді. Мұндай ұсынысқа әншілер қауымы разы болмаса, қарсылық білдірмегенін ерекше айтқым келіп отыр. Қайрат Нұртас, Бақыт Алтай, Қайрат Түнтеков, Інжу, «ЖЕБЕ», «МЕЛОМЕН», «ҚЫРАН» топтарымен кездескен балалардың басында аздап сасқалақтап, қобалжығаны да бар. Әрине, жұлдыздарды тек сахнада, теледидардан көріп, радиодан тыңдағаннан кейін шынайы өмірде жүздесу, әңгімелесу оларға бір қызық оқиға болды. Дегенмен біраз сөйлесіп, «жөн сұрасқаннан» кейін балалар құдды бір құрдасымен сырласқандай, еш қысылу-қымтырусыз «қызық-қызық» сұрақтарын жаудырды. Өтініш-тілектерін білдіріп, бірге ән шырқады. Ел назарындағылар балаларды құр алақан қайтармай, біреуі Малайзиядан әкелінген иіссуын сыйласа, біреулері автографы бар үнтаспаларын тарту етті. Бұл қарапайым кездесу жарымжан жасөспірімдерге көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер сыйлағаны сөзсіз. Көзі қырағы жан жасөспірімдердің жалын атқан жанарларынан оны бірден аңғара алады. Бала көңіл көп нәрсені талап етпейді. Ананың мейірімді құшағы, жылы қабақ, жүрегіндегі «бала арманының» орындалуы. Міне, бір концерттің өзі қаншама игі істің бастамасы болғанын сіз бен біз көрдік.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
- Жоспар көп. «Мейірімді жүрек» деген атпен қайырымдылық қорын құрғым келеді. Мақсаты - айқын. Жарымжандарға көмек. Мәселен, журнал 5000 данамен шықса біз оның әр данасынан он теңгені сол қорға аударып отырсақ деймін. Дәл осы ретте әрбір баспасөз әр данасынан ең болмағанда бір теңге көлемінде көмегін көрсетсе деген ұсынысым бар. Себебі көзге көрінбейтін қаржы қалың елдің арқасында жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен көмек, асар болатынын айтқым келеді. Себебі қазақ баспасөзінде қызмет атқарып отырған ел ағалары рухы биік, еліне деген сүйіспеншілігі бар азаматтар. Халықтың қамын күйттеу үшін үкіметке қол соза бергенше, ел ішіндегі мәселелерді өзіміз де реттей алатынымызды айтқым келеді.
Әңгімелескен: Фараби Арыстанбеков
Форумда талқылау
Суреттер Қуаныш Кәрімнің "Мой Мир" әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.
Л. Лига