- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Келіндерге кеңес (Қонақтың...
Келіндерге кеңес (Қонақтың түрлері)
Ділдә Матай Тасмағамбеткелінінің "Айналайындарым менің" деген кітабын оқыған әрбір қазақ баласының ұлттық тәрбиеден сусындап қалатыны анық. Ардақты ананың тек, ұлт, ел туралы тәрбиесін алда тағы ұсынып отыратын боламыз.
Айналайын алтын асықтай келіндерім, қонақ келсе шырайлы қарсы алыңдар! Ол алдымен еріңе, одан соң өзіңе сын. Қонақ сені алдымен асқаныңмен емес, сасқаныңа қарап бағалайды.
Қонақжайлық – ұлтымыздың сүтімен еніп, сүйегіне сіңген ұлы дәстүрінің бірі. Осы дәстүрдің алтын желісі өз қолыңда, үзіп алмаңдар.
Бөкен би айтты деген сөз бар: "Кей келін үйіне бара қалсаң, мына шал тағы келе жатыр ма деп торсаң қағады, бұл – ырысыңның кеткені. Кей балалар қонаққа мал союға ерінеді, бұл – ауызыңның кепкені".
Кей жас келіншектер "Өзіміз құрып отырғанда, Құдай-ай, қайдан ғана қаңғып келе қалды",– деп ыдыс-аяғын тарсылдатып, жазықсыз сәбиін жылатып, мінез шығарады.
Жоқ деген жерге қашан да жоқ үйір болады.
Айналайын, қонақтың да арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ деген төрт түрі болады.
Арнайы қонағың – алыстан ат терлетіп келген жақын туыс, нағашы, жиен, құда-жегжат, сыйласқан дос-жарандарың.
Бұл – нағыз сыйлы қонағың.
Құдайы қонағың – өзің танымайтын, білмейтін алыс шалғайдан жолаушылап жүріп ат басын тірей қалғандар. Бұл – нағыз сауап қонағың.
Қыдырма қонағың – ерігіп, үй-үйді, ауыл-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеп жүрген сандалма. Бұл-нағыз далбаса қонағың.
Қылғыма қонағың – кімнің түтіні түзу ұшса, соның үйін торып, ас піскенде пайда болатын, қарны тойған соң басы ауған жаққа лаға беретін көлденең көк атты. Бұл – нағыз сұғанақ қонағың.
Бірақ, келіндерім, қазақ үшін бәрі бір қонақтың аты-қонақ!..
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: egemen.kz
Қ. Қауымбек