Жапония астанасының маңындағы бір ауылда қарт самурай өмір сүріпті. Жасөспірімдерді жаттықтырумен айналысатын оған бірде өзінің дөрекілігімен танымал жас жауынгер жақындап келді. Оның ең жақсы көретін әдісі арандату болатын. Бұл жауынгер қарсыласына ауыр сөздер айтып, ашуға булықтыру арқылы жеңіске жететін. Ашудың буымен қателікке бой алдырған қарсылас осылайша жеңіліске ұшырайтын.
Бұл жолы да жас жауынгер қарт самурайды балағаттай бастады. Бұнымен тоқтамай тас лақтырып, түкірік шашып ойына келгенін істеді. Қарт самурай оның бұл әдепсіздігіне назар аудармай сабағын жалғастыра берді. Жауынгер бұл қылығын кеш батқанға дейн жалғастырып, қас қарайғанда қолын сілтеп жөніне кете барды.
Сол кезде ұстазының бұл мінезіне таңырқаған оқушылары:
- Ол жауынгерді жекпе-жекке неге шақырмадыңыз. Ол сізді әбден балағаттап абыройыңызды түсірді ғой, - деп сұрады.
Сол кезде қарт самурай:
- Егер сендерге біреу сыйлық әкеліп тұрып, сендер одан бас тартсаңдар сыйлық кімдікі болады? - деп сұрады.
- Бұрынғы иесіне тиесілі болады, - деді оқушылардың бірі.
- Балағат пен жек көрушілікке қатысты да осылай болады. Балағат сөздерді қабыл алмасаңдар ол бұрынға иесіне тиесілі болып қала береді, - деп тіл қатты ұстаз.
Аударған: Еркебұлан Қайрахан
Дереккөз: vk.com
Сурет: elims.org.ua