Тағдыр адамзатты түрлі жолмен сынайды. Бірін аштықпен. Бірін тоқтықпен. Осылардың ауыры қайсы? "Әрине, аштық"- дерсіз. Бірақ, тоқшылық сынынан өту қиын ба деп қаламыз...
Атақ, даңқ, абыройға қолы жеткендер тамырынан шорт кесіліп, ұша жөнеледі. Төмендегілермен шаруасы жоқ. Ол биіктіктің шегі бар екенін кеш біледі. Тамыры нәр алмаған, көп ұзамай солып тынар. Ал, тамыр — халық, ата-жұрт, туған жер. Бұдан бас тарту оңай емес. Тым адасып жүргендердің өзін "шақырып" отырады. Белгі береді. Алайда, ымды түсінбеген, дымды түсінбес. Ондайлар бабалар қолдауын ұқсын ба?!
Сол белгіні ұғынып, қиылыстан қайта оралатындар да бар. Олар уақыт өткен сайын тамырына тереңдей береді. Келер ұрпақ алдындағы аманатты арқылап күн кешеді. Халықтан үлкен еместігін шын ұғына бастайды.
Бұл туралы ақылдың ақыны Қадыр Мырза Әлидің өзі көзіне жас ала отырып айтқан екен.