- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Ғылым саласындағы әйелдер...
Ғылым саласындағы әйелдер
Ғылым әлеміне әйел адамдардың аяқ басуы өте қиын болатын: әйелдерді кемсіту , оларға білім алуға мүмкіндік бермеу, дәстүрлі міндеттер (бала туу және тәрбиелеу) секілді себептердің болғаны жасырын емес. Қалыптасқан таптауырынды бұзып, ғылымның дамуына өз септігін тигізген әйелдер де бар. Ендеше бүгін ғылымның дамуына өз үлесін қосқан әйел адамдар топтамасын ұсынамыз:
Алғашқы әйел алхимик
Алғашқы әйел-алхимик Мария Копт I ғасырда Иерусалимде дүниеге келген. Марияны Александриялық алхимия мектебінің негізін қалағандардың бірі деп есептейді. Ол алғаш болып су моншасында сұйықтықты жылыту жолын тапқан. Ғалым әлемдегі сұйықтықтарды ажырататын құрылғы трибикосты және керокатис деп аталатын бу көмегімен жұмыс істейтін жабық құбырды ойлап табады. Бұл құрылғылар көмегімен сұйықтықты түрлі заттарға ыдыратуға болады. Кейін аталған құрылғыларды ішімдік пен эссенция өндірісінде кеңінен қолданды.
Алғашқы әйел мұғалім
Гипатия Александрлық IV–V ғасырларда Александрияда өмір сүреді. Оның әкесі Теон Александрлық көрегенді ғалым болатын, өзінің қол астында мектебі болған. Қызына тиісті түрде білім берген ол, кейін оны мектепке философия, математика және астрономия пәндерінен сабақ беретін ұстаз ретінде орналастырады. Әкесінің қазасынан кейін, 405 жылдан бастап ол мектепті басқарады. Гипатия ғылыми еңбектер жазып, сүзгіш, астролябия, ареометр секілді пайдалы құрылғыларды ойлап табады.
Дегенмен, билікпен "достығы" оның өміріне көп зиянын тигізді. Оны билікке қарсы шықты деп айыптаған. 415 жылы діни қызметкерлер мен бағынушылар оны көшеде таспен атып өлтірген. Ал, қалған қаңқасын көмусіз қалдырған. Әдетте мұндай жаза түрін ауыр қылмыс жасаған адамға қолданған.
Әйел физик
XX ғасырға дейін кез келген әйел ғалымның мансабын қалыптастыруда міндетті түрде ер адамның ықпалы барын байқауға болады. Олар не әкесі, не ағасы немесе жары болған. Мысалы, итальян Лаура Басси (1711–1778) 21-жылдары Болонья Университетіне анатомия профессоры ретінде орналасқан. Ал 22-жылы ғылым академиясына ауысса, 23-жылы философия кафедрасын басқарған. Оның өміріндегі үш ер адам бұл жетістіктеріне себеп болған: бай заңгер әкесі, Гаэтано Таккони есімді университеттегі биология-жаратылыстану пәндерінен сабақ берген ұстазы және католик шіркеуі дін бастығы (кардинал) Просперо Ламбертини көмектескен.
1738 жылы Лаураның өмірінде тағы бір "көмекші" табылды — оның жары академик Джузеппе Вератти. Лаура 28 жыл бойына физикадан сабақ береді, мақалалар жазып, тәжірибемен айналысады. Ол – қайта өрлеу дәуірінен бастап еуропалық білім ордаларында ресми түрде жұмыс жасауға мүмкіндік алған алғашқы әйел.
1745 жылы папа XIV Бенедикт ықпалымен құрылған ол игі 25 ғалымдар қатарына кіреді. Өмірінің соңғы екі жылын ол Ғылым Институтының тәжірибелік физика кафедрасын басқаруға арнайды.
Әйел химик
Әйгілі ғалым Лавуазье мансабының қалыптасуында оның жары Мария Анна Пьеретта Польздың (1758–1836) еңбегі зор. Лавуазье Марияның әкесінің көмекшісі болған. Ал ғалым Мария Аннамен оның жасөспірім шағынан бастап геология, химия мен астрономия жөнінде сөйлесе бастайды. Жак Польз өзінің 14 жасар қызын 28-жастағы ғалымға тұрмысқа береді. Содан бастап бойжеткен өзін-өзі дамытумен айналысады: ағылшын, латын тілдерін үйреніп жарына аударма ісімен айналысуға көмектеседі. Химиядан сабақтар алып, зертханада күйеуіне көмектеседі. Тәжірибе жұмыстарын сурет етіп салып, атақты ғалымдармен хат алмасады. Осылайша, өзінің жарының идеясын іске асыру үшін талмай еңбек етеді.
Француз революциясы кезінде Мария Польз "сатқын" әйелі атанып, жарының жазасын өз көзімен көреді. Бүкіл дүние-мүліктен айырылады. Биліктен Робеспьер кетпегенде оны да жазалауы мүмкін еді. Бәрі қайта қалпына келген шақта барлық жиған дүниесін қайтарады. Бастысы, олардың арасында күйеуі қалдырған ғылыми мұра бар еді.
Алғашқы әйел-астроном
Каролина Лукреция Гершель (1750–1848) — кометаны ашқан алғашқы астроном әйел. Ол атақты ағылшын астрономы Уильям Гершельдің қарындасы болатын. Ағасы оны ғылымға бала кезден баулиды. Каролина болса асқан қызығушылықпен оқи түседі. Бос уақытында бойжеткен аспанды өз бетімен бақылап, 1783 жылы тұмандылықтың үш түрін анықтайды. Каролина астрономиялық теориялармен қатар, алгебра мен қажетті ережелерді меңгереді. Ағасы Уильям Гершель сарайдағы патша астрономы ретінде сайланған шақта, Каролина оның ғылыми көмекшісі атанып, жылына £50 табыс табады. Ол Ұлыбританиядағы ғылыми жұмысы үшін жалақы алатын алғашқы әйел атанады. 1786 және 1797 жылдар арасында астроном сегіз кометаны табады, тұмандылықтың 14 түрін ашады.
Ағасының өлімінен кейін де Каролина ғылыммен айналыса береді. Ол Патшалық астрономиялық қоғамының алтын медалімен марапатталып, мәртебелі мүшесі атанады.
Алғашқы бағдарламашы
Бағдарламалау сатысына алғашқы қадамды әйел адам жасаған. Ақын Байронның қызы Ада Лавлейс (1815–1852) 17 жасында аналатикалық машина өндірушісі Чарльз Бэббиджбен танысып, отау құрады. Тұрмысқа шыққаннан кейін ол күйеуіне көмектесіп, есептегіш машинаны жасауға тырысады. Ада есептегіш машинаның автоматты түрде сараптама жасауы үшін арнайы бағдарлама ойлап табады.
Өзінің жазбасында ғалым тоқыма білдегі гүлдер мен суреттерді тоқитыны секілді, аналитикалық машина алгебралық формулаларды құрайтынын, болашақта музыка жазып, сурет салатынын айта кетеді. Өкінішке орай, машина толықтай құрастырылмайды. Ада 36 жасында жатыр ісігенен қаза табады. 1991 жылы Лондондағы Ғылым мұражайы Чарльз Бэббидждің жазбаларына сүйене отырып машинаның көшірмесін жасайды. Ондағы аздаған қателіктер болмаса, ғалымдардың еңбегі жемісті болғанына көз жеткізуге мүмкіндік туады.
Лавлейс атауын бағдарламалардың біріне береді. Оның туған күні 10-желтоқсанда бағдарламашылардың кәсіби мерекесі аталып өтіледі.
Әйелдер арасында алғаш Нобель иегері
Мария Кюри (1867–1934) — Нобель иемденген алғашқы әрі оны екі мәрте алғаш жалғыз әйел. Өзінің жары Пьер Кюримен бірге ол радий және полоний элементтерін ашады. Өмірлерін радиацияны зерттеуге арнайды.
Франциядағы оқуын аяқтаған соң, ол Варшаваға қайта оралып, ұстаз болуды жоспарлайды. Бірақ, тағдыр оны француз физигі Пьер Кюримен тоғыстырады. Мария мен Пьер радиациямен жұмыс істеп жүріп қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Ғалым 66 жасында өмірден өтеді. Олардың қызы Ирен де физика мен химия саласындағы ғалым атанады. Өзінің жарымен бірге олар жасанды радиоактивті заттарды ашады. 1935 жылы ол Нобель сыйлығын иемденеді.
Бүгінде ғылыммен айналысамын деген әйел адамына тосқауыл болатын ешнәрсе жоқ. ЮНЕСКО мәліметі бойынша 2015 жылы Францияда ғалымдардың 27% әйел адамдар, Германияда — 28%, Италияда — 36%, Ұлыбританияда — 38,6%, Испанияда — 40% құрағаны анықталған. Ең жоғары көрсеткішті Литва, Латвия, Албания мен Македония секілді елдер көрсеткен. Қазақстанда ғылыммен айналысатын әйелдер көрсеткіші — 53,3%.
Т. Есқали