Туады ерлер ел үшін,
Өлмейді ісі мәңгілік.
Өшпейді абзал есімдер,
Ұрпаққа жетіп мәңгілік, - деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, ел үшін туған ағаларымыздың есімдері, ерліктері жас ұрпақ санасында мәңгілік сақталатынына сенемін. Оған тағы да көзім жетті. Әдебиет әлемінде ойып өз орнын қалдырған ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, сыншы, сәкентанушы, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық ұлы мерей тойы қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аталып өтті.
Ұлы тұлғаға арналған конференцияның ашылу салтанатына Қазақстанның түкпір-түкпірінен және оның әруағын сыйлап, шетелден ат терлетіп келген сыйлы қонақтар да келіп жатты. Университетіміздің бірінші проректоры Бүркітбаев Мұхамбетқали Мырзабайұлы тау тұлғалы Тұрсынбек Кәкішевтей абыз ағамызды салиқалы сөздермен еске алып, салтанатты жиынымызды ашып берді. Салтанатты жиыннан кейін кезінде М.Әуезов, З.Қабдолов жүріп өткен киелі филология және әлем тілдері факультетінде факультет деканы профессор Ө.Әбдиманұлының бастауымен аудиторияға асыл азамат, ардақты ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішевтің есімі берілді.
Осы орайда әдемі иірімді сөздерімен аудиторияны жандырып, нұрын төгіп дәріс оқыған Тұрсынбек Кәкішұлының бейнесі елестеді. Әлі есімде, 2007 жылдың күз мезгілі, 312 аудитория Сәкентану пәнінен дәріс болатын. Ұлы тұлғаның дәрісін алғаш тыңдаған және қайта келмитін бағалы кездер. Сәкенді басқа қырынан таныта білген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстазымыздың ақыл-парасаты, азаматтық қасиеті, ұстаздық тәлім-тәрбиесі жастарымызға өнеге болып қала бермек.
Қазіргі таңда біз, Тәуелсіз елдің жас өрендері үлкен күрес жолымен келген Тәуелсіздігімізді, елдігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін өнегелі тәрбие, терең білім алып, аянбай еңбектенуіміз қажет. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз ұшан-теңіз. Әлем жұрты мойындаған іргелі ел болдық. Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және халқымыздың қажырлы еңбегі мен арыстандай айбатты тұлғалы ел ағаларының арқасы. Біз осының бәрін қадір тұтып, қастерлеуіміз қажет. Біз - бақытты ұрпақпыз. Осы бақытымызды, шаттық күндерімізді бағалай, құрметтей білейік!
Қарлығаш Жаппарқұлова