Осыдан тұп-тура 42 жыл бұрын жадыраған жаз айында қазақтың батыр қызы Ләззат Асанова жарық дүние есігін ашқан екен. Иә, бүгін қаһарман апамыз – Ләззаттың туылған күні.
Ләззат Асанова 1970 жылы 27 шілдеде қазіргі Алматы облысы, Жаркент ауданына қарасты Айдарлы ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек өскен бала орта мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түседі.
1986 жылы бар болғаны 16 жастағы қазақтың қайсар қызы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болды. Ләззаттың өлімі туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып келеді. «Мінезі тік екен, бөлмесіндегі қыздармен қақтығысып қалып, жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлді» дегенге сену қиын. Он екіде бір гүлі ашылмаған қызғалдақтай аруымыздың өлімі бүгінге дейін жұмбақ болып келеді.
Л.Асанова 1986 жылы 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеуіне қарсылық білдіріп, Республика алаңына алғашқы барушылардың қатарында болды.
Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айыпталып, қамауға алынды. 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаларға түпкілікті баға беру жөніндегі Жоғарғы кеңесінің Төралқасы құрған комиссия мүшесі Ф. Игнатовтың мәліметтеріне қарғанда, Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училищенің жатақханасынан табылған. Мәйітті Алматы облысы, Панфилов ауданынындағы Ақжазық ауылына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған көрінеді. Жерлеу рәсімін жедел түрде өткізу бұйырылған. Алайда, қызын бар жан-тәнімен жақсы көрген анасы Алтынай оған қарсы болып, Ләззатты жерлеудің алдында денесін ашып көргенде, оның денесінің сау екендігін, тек шүйдесі ойылып кеткендігін байқайды. Ана жүрек «бесінші қабаттан құлап өлді» дегенге сенбей, кісі қолынан қаза тапқан болуы әбден мүмкін деген байламға келеді.
1997 жылы Бас прокуратураның тексеруімен қазақтың өжет қызы ақталып, 2004 жылы «Халық қаһарманы» атағына ұсынылған болатын. Өкінішке орай Л. Асановаға ол атақ берілмеді.
Қалай болғанда да қазағымыздың батыр қызының есімі, оның қайталанбас ерлігі әрбіріміздің жүрегімізде мәңгі болатындығы ақиқат.
Суреттер: facebook.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева