ЖҚТБ-ны (СПИД) зерттеу америкалық орталығы Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтсті аталған дертпен күресу жолындағы еңбектері үшін марапаттады.
Кеннеди атындағы өнер орталығында өткен жиында Гейтске әлем ғалымдары мен ВИЧ инфекциясының құрбаны болған барша жанның атынан премия табысталды. Миллиардер сыйлықты танымал актриса Шерен Стоунның қолынан алды.
"Адамзат баласы бұл қатігез ауруды жеңудің алдында тұр. Бәріміз тынбай осыған ат салыссақ мақсатымызға жетеміз", - деді Гейтс көпшілік алдында. Ғалым сөйлеген сөзінде жасалып жатқан түрлі вакциналар мен ауру адамның өмірін ұзартуға арналған антиретроврустық препараттарды да тіліне тиек етті.
Гейтстің туыс қарындасының осы аурудан көз жұмғандығын айта кетелік. Осы қайғылы оқиғадан соң миллиардер жұбайы Мелиндамен бірігіп ЖҚТБ-мен күрес үшін қаржы бөліп отыратын арнайы қордың негізін қалады. Содан бері Microsoft басшысы 2,5 миллиард доллардай қаржыны осы игі мақсатта жұмсап үлгерді.
Айта кетелік, amfAR ұйымының жұмысына қажетті қаражаттың басым бөлігі әлемге танымал тұлғалар мен бизнесмендердің қайырымдылығының арқасында жиналған.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: hotwalls.ru