- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Байлыққа жетудің үлгісі...
Байлыққа жетудің үлгісі – Билл Гейтс
Альфред Слоун «General Motors-тағы менің жылдарым» деген кітап жазған. Ол кітабында ұйымдастырудың нақты да жүйелі нәтижелеріне сүйенген басқарудың жоғары деңгейдегі жетістіктері жөнінде баяндайды.
Слоун 1923-1956 жылдар арасында басқарған «General Motors» компаниясы қанатын кең жайған нағыз өндіріс орындарының біріне айналады. Өндірісті дамыту әдісін нақты мәліметтер мен бүкіл компания қызметкерлерінің қабілетіне сүйенбей жасауға болмайтынын жақсы түсінген ол, бизнесті дамытудың өзіндік көзқарасын компанияның инженерлері және менеджерлерімен ашық әңгімелесіп, өндіріс цехтарына жиі-жиі барып жүріп қалыптастырады. Слоунның «General Motors» өнімдерін сатушы дилерлермен тығыз байланыс арқылы іскерлік қарым-қатынас орнату әдістері компания ықпалының бүкіл ел шеңберінде кеңінен дамуына игі әсерін тигізді.
Ол дилерлерлікпен айналысатын делдалдармен әрдайым тығыз байланыста бола жүріп, нақты мәлімет жинаумен айналысты. Өзіне қажетті мәліметтерді білу үшін Слоун іссапарларға жиі шығып тұруды әдетке айналдырды. Осы жолда бір пойыз вагонының ішіне жылжымалы кеңсе жасақтап, бүкіл елді аралау мүмкіншілігіне ие болды. Осылайша ол күніне бес немесе он делдалмен кездесіп нақты жағдайды біліп отырды.
Турасын айтқанда, Альфред Слоунның кітабын оқыған әрбір адам көп нәрсе үйрене алады. Ал іскер адамдар үшін бұл кітап тіпті де таптырмас құралға айналды.
Альфред Слоунның «General Motors-тағы менің жылдарым» деген кітабы дүние жүзіне белгілі әрі ең бай адамның ең сүйіп оқитын кітабы. Оның есімі – Билл Гейтс. «Майкрософт» компаниясын құрушылардың бірі, корпорация төрағасы, коммерциялық тұрғыдан қарағанда, ол қазіргі таңда ең бір жолы болған адам.
Билл Гейтс Американың Вашингтон штатының Сиэтл қаласында 1955 жылы дүниеге келген. Ол өзінің бірінші бағдарламасын он үш жасында Лейксайд жеке меншік мектебінде оқып жүрген кезінде 0 және + ойыны негізінде жасайды. Ал тағы төрт жылдан соң, 1972 жылы Пол Аллен деген досы екеуі алғашқы есептеуші машинасын ойлап табады. Бұл автомобильдер жүрісінің қарқындылығын қадағалайтын лентаның мәліметтерін өңдейтін аспап еді. 1973 жылы Билл Гарвард колледжіне түседі де, екі жылдан соң, 1975 жылы оқуын тастап, досы әрі серіктесі Пол Алленмен шөлейтті Нью-Мексика штатының адам тұруға онша қолайлы емес Альбукерке елді мекенінде бүгінде бүкіл әлемге белгілі «Майкрософт» компаниясын құрады. Билл мен Полдың бұл жерді таңдауының себебі, онда Билл Гейтс бағдарлама жасап берген «Альтаир» компьютерін шығаратын компания орналасқан болатын.
Слоунның кітабын бекер оқымаған Билл ақыры коммерциялық міндеттерді өз мойнына алады. Бірақ Гейтс 80 жылдардың компьютер шығару бизнесінің алдыңғы қатарындағылары сияқты бәрін өзі жасауға тырыспайтын.
Билл Гейтс үлкен бизнестің ережелерін өз ережесі ретінде қабылдады, себебі ақшаны табатын өнімді шығарушылар емес, өнімді сатушылар екенін ол жақсы түсінді. Сондықтан «ІВМ» фирмасы өз компьютеріне алғаш рет «дербес» деп аталған жаңа операциялық жүйе жасауға тапсырыс бергенде, Гейтс дайын бағдарламаны басқа фирмадан сатып алады да, оны жақсарту үшін сол бағдарламаны жасаушы Тима Петерсонды жұмысқа шақырады.
Осылайша Гейтс осы заманғы бағдарлама жасау индустриясының тағы бір ережесін ашады – ең бастысы нақты өнімге тапсырыс берушіні табу, ал оны шығару тек «іске асыру» мәселесі.
Бүгінгі жұртшылық «ІВМ» компьютерлерінің алғашқы кезде үш түрлі операциялық жүйемен шығарылғандығын, және сатып алушының солардың біреуін өз қалауынша таңдау мүмкіншілігі болғанын біле бермейді. Сол бір кезде Гейтс өте бір керемет коммерциялық қимыл жасады: ол өз бағдарламасын орнату құқығын бір реттік қана төлемақы үшін сатты. Енді сатып алушы Гейтстің бағдарламасын қанша компьютерге орнатамын десе де ерікті болды.
1986 жылы Гейтс «ІВМ» компаниясына «Майкрософтың» акцияларының 30%-ын сатып алуды ұсынады, бірақ оның бұл ұсынысын ІВМ қабылдамайды. Осы кезде Гейтс жаңа әдіс ойлап табады. 1990 жылы Windows 3.0 бағдарламасы шығарылады. Ол бұдан былай Windows графикалық интерфейстің басқару жүйесін басқару үшін клавишты басып жатпай-ақ жеке қолға арналған қолтұтқаның пернесін басу арқылы қол жеткізуге болатынына тұтынушылардың басым көпшілігінің көзін жеткізеді. Компьютермен жұмыс істеуді жеңілдеткен бұл қолтұтқа бірден moyse-тышқан деген атқа ие болды.
Осылайша тағы бір стандарт пайда болды да, нәтижесінде бағдарлама шығарушылар өз бағдарламаларын Windows-қа сәйкестендіріп шығара бастады. Әлемде Уиндоусизация басталды. Енді Майкрософттың жаңа бағдарламасына уақтылы ауыса алмағандардың жұмысы тоқтап қалатын жағдайға жетті. Бұл Гейтстің тағы бір жетістігі еді.
2002 жылы Майкрософт компаниясы құрылғалы алғашқы рет, өз акционерлеріне дивиденд төлей бастады. Олар әр акция үшін 16 цент алды. Бұлай болуының себебі 2002 жылдың соңғы тоқсанында компанияның таза пайдасы 2,55 миллиард долларға, немесе әр акция үшін 47 центке жеткен еді. Осыдан соң компания өз акцияларының санын екі есеге көбейтетінін жариялады.
Өз жұмысында бақталастарын қуып жету және басып озуды өзіне мақсат етіп қойған Гейтс, бұл іс-әрекетін жүйелі түрде іске асырып отырды. Интернетпен жұмыс істеу бағдарламасының көшбасшысы «Нетскейп» өз бағдарламасын сататын болса, «Майкрософт» бағдарламаны көру үшін өз браузерлерін WWW-серверімен тегін таратты.
Осылайша Гейтс тағы да – мөлшері аз пайданы қуалаудың орнына, жеке монополияға қол жеткізу әдісін тиімді пайдалана білді.
2007 жылы «Майкрософт» корпорациясы 2004 жылының наурыз айындағы монополиялық іс-әрекеттері үшін өзіне салынған айыпты жоққа шығару барысында Еуропа сотының бірінші инстанциясында болған процесте жеңіліске ұшырады. Еуропа соты «Майкрософт» корпорациясына 690 млн доллар айыппұл салынсын, деп үкім шығарды. Бұқаралық ақпарат құралдары соттың шешімін бүкіл әлемге жарыса жеткізіп жатты. Бұл жағдай Билл Гейтстің бизнесіне тегін жарнама әкелді.
Бұған жауап ретінде Билл Гейтс өзінің бұдан былай тек бағдарламалар жасаумен айналысатынын, сондықтан «Майкрософт» корпорациясының басшылығынан кететінін, басқаруды орынбасарына жүктейтінін, бірақ компания басшылығының төрағасы болып қала беретінін жария етті.
Дегенмен бұндай лауазымды орындар ауыстырған Гейтстің беделіне ешқандай нұсқан келе қойған жоқ. Ақшадан да ұтылмады. Бұл жағдайды тек кітаптың бір беті жабылды деп қабылдау керек... Есесіне Гейтстің шығармашылық жолы кітабында жаңа беттер ашылуда.
Енді Билл Гейтс өзі сүйіп оқитын «General Motors-тағы менің жылдарым» атты кітапты жазған Альфред Слоун секілді кітап жазуға кіріседі. Ол «Ойлау жылдамдығымен жасалынатын Бизнес» және басқа бірнеше кітап жазады. Осы кітаптары арқылы әлемдегі ең бай адам замандастарын болашаққа шақырады, «мәліметтер дәуірі деп аталатын бүгінгі кезде бақталастардан озу мүмкіндіктерінің құпияларын» өзінің іс-әрекеттерінің нәтижесі арқылы дәлелдейді.
Гейтс өте сапалы дисплейлер пайда болмай, мәліметке толыққан болашаққа жету мүмкін емес дейді. Осыдан біршама уақыт бұрын «Майкрософт» сұйықкристалды экрандардың мәтінді бұрынғыдан анық көрсететін технологиясының көрсетілімін жасады. Бұл аппараттық қамтамасыз ету технологиясының революциялық өзгерістерге әкелетіні сөзсіз. Қолдануға өте ыңғайлы, икемді экрандарды қағаз парағындай дөңгелете бүктеп алып жүруге болады. Технологиялық әдістердің бірі суретті экран өшірілгеннен соң да көруге мүмкіншілік береді. Әрі бұндай экранның мүмкіншіліктері бұнымен шектелмейді.
Билл Гейтс компанияны басқарудан қол үзгенмен де, қаласа да, қаламаса да компанияны «басқара» береді. Себебі «Майкрософтың» жетістіктері Билл Гейтстің есімімен тығыз байланысты. «Компьютер – менің басшым, мен тек оның айтқанын орындаушымын» дейтін Бил Гейтс, бүгінгі таңда бұл өмірде өз орнын іздеушілер үшін кезінде өзі үлгі алған Альфред Слоу немесе болашақты болжаушы фантаст-жазушы Рэй Брэдбери сынды шабыт сыйлаушы тұлға екені сөзсіз.
Осылайша Билл Гейтс болашақты жақындатуға атсалысып келеді. Өз ақылын қоғамның дамуына бағыштап көптеген нәтижелерге қол жеткізген Билл Гейтстің әлі де әлемге берері көп.
Дайындаған: Бердалы Оспан
Сурет: millioner.kz, premiumtimesng.com
М. Оңғарова