Америкалық мүгедек Оңтүстік полюсты бағындырды

Америкалық мүгедек Оңтүстік полюсты бағындырды

33 жастағы саяхатшы - Оңтүстік полюске қадам басқан алғашқы мүгедек. Бұл туралы Associated Press Халықаралық агенттігі хабарлады. 2010 жылғы көлік апатынан Грант Корган мүгедектік арбаға таңылған еді.

 Бірақ өр рухты жігітті 120 шақырымдық ауыр жол тоқтата алмады. Бір қызығы – антарктикалық «Терра Нова» экспедициясы бұдан тура 100 жыл бұрын Оңтүсті Полюсті бағындырған болатын. «Менің тәнім жарақаттанса да, жаным аман» дейді Грант. Оның жолсерігі қатарына паралимпиада жүлдегері Джон Дэвис пен кинооператорлардан тұратын көмекші топ кірді. Негізгі қозғалыс көлігі - отырып сырғанайтын шаңғы болған екен. Грант Корган туралы деректі фильмнің режиссері таңғалғанын, бұл оқиға енді тарих бетінде таңбаланатынын айтып өтті. Р.Корганның мақсаты жұлын зақымын алған адамдарға көмектесетін қайырымдық қорына табыс әкелу еді.

 Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын 41 жастағы АҚШ азаматы Крис Вэйделл мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында алғаш рет Килиманджаро тауын бағындырған еді. Африка құрлығында орналасқан Килиманджаро тауының биіктігі – 5895 метр! Ол ешкімнің көмегінсіз, тек өз қолының күшіне сеніп, арманына жетті. Бұл әрекетімен Крис Вэйделл қайтпас қайсарлығы мен үзілмес үмітінің арқасында, жер бетіндегі барлық адамға үлгі боларлықтай іс жасаған болатын.

Өмірге деген құштарлық қатардағы сіз бен біздің ғана емес, тағдырдың талқысына түскен жігерлі адамдардың бойынан табылатын қасиет екенін ұққандаймыз. Ал сіз... қандай жетістікке жеттіңіз? 

Сурет: tamognia.ru

Ж. FM