Әлихан Бөкейхан: Бұл «барса-келместің» командировкасы»

Әлихан Бөкейхан: Бұл «барса-келместің» командировкасы»
Фото: massaget.kz

"Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді"... Бір заманда туып, бір мұңды жырлаған Алаш қайраткерлері ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан туралы айтқан естеліктерінен топтама ұсынамыз. Қайраткерлермен қатар, қызы Лиза да әкесі туралы сыр шертеді.

Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейханов.

М.Дулатұлы

Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбелінлей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды.

К.Кемеңгерұлы

Ол кісі Петроград университетінің орман-ағаш факультетін тәмамдаған. Заң  факультетіне Ленинмен бірге экстернат болып емтихан тапсырған. Тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей болса, Әлихан Бөкейханов – Балқаш көліндей дария еді ғой!

Ә.Ермеков

Әкемнің мысы кез келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» – деді де, маған қарап «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы», – деді.

Лиза Әлиханқызы

Басқа жұрттың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел.

К.Кемеңгерұлы

Егер әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі, қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны ауыстыра алмайды.

В.А. Радус-Зенкович

"Алаш айтқан асыл сөздер" кітабынан алынды

Г. Берік