Абай Құнанбаевтың туғанына 167 жыл!

Абай Құнанбаевтың туғанына 167 жыл!

Бүгін бүкіл қазақтың пірі, мақтанышы – ұлы Абайдың, Хакім Абайдың туған күні, ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі жарық дүние есігін ашқан күн.

Абай - қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы жан-тәнімен толғанған; ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған; елі үшін азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан, елім, жерім деп күңіреніп, «қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп қайғырған қайталанбас тұлға, елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы еді...

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма,-дейді дана Абай бұл туралы. Расымен де, ол мыңнан ерек, жүзден дара болды.

Бүгін ғұлама 167 жасқа толып отыр, ал оның дүниеден озғанына 108 жыл. Десе де, Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, – дегенді айтқан да өзі еді. Айтқанда да, тауып айтты! Абай – артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер. Қазақ деген ұлт өлмейінше, Абайдың есімі де, оның мұрасы да өлмек емес.

Өлең – сөздің патшасы, сөз -сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.                                                                    

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,                                                                    

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Сөз қадірін Абайша түсініп, Абайша сезіну үшін үлкен жүрек, терең ой, кемел ақыл, ыстық сезімді керек етеді. Өлеңді сөз патшасына теңеген Абай өзі де сөз патшасына, өлең құдіретіне айналарын сезген болуы керек. Иә, иә, Абай – асыл сөздің патшасы!

Бүгін сол қасиетті Шыңғыстаудың топырағынан нәр алған дана ақынның, дара ақынның ғана туған күні емес, бүгін қазақтың жазба әдебиетінің туған күні! Бүгін жүрегі қазақ деп соққан әр пенденің мерейлі мерекесі. Ендеше, той құтты болсын ағайын!

Суреттер:yurclub.kz,yvision.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева