- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- 2016 жылдың адамзатпен...
2016 жылдың адамзатпен мақтануға тұрарлық 10 қайырымды ісі
Әлемде қайырымды жандар жоқ емес. Осыны 2016 жыл «үлкен жүрек» иелерінің «үлкен» іс-әрекеттерімен айшықтай түсетіндей. Жақсылық жасау үшін қандай да бір керемет қабілет иесі болу міндет емес, жәй ғана ізгі ниетте болсақ жеткілікті. Қарапайым ғана көмекпен салиқалы іс тындыруымызға болады. Бұл әрбіреуіміздің қолымыздан келетін дүние.
Назарларыңызға осы жылдағы адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен қайырымдылық іс-әрекеттерінің тізімін ұсынамыз. Жанымыздағы жазиралы жайсаң жандарға жомарттықпен жақсылық жасай жүрейік!..
БОКСТАН ФИЛИППИНДІК ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ КЕДЕЙ-КЕПШІК АДАМДАРҒА МЫҢНАН АСА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ
Бір кездері Мэнни Пакьяо аз қамтылған жанұядан шыққан филиппиндік бозбала еді, ал қазір әлемде 8 түрлі салмақ дәрежесі бойынша дүниежүзілік біріншілікте жеңіске жеткен жалғыз былғары қолғап шебері. Ол өзінің алғашқы табысына туған өлкесі – Тонго елді мекенінің жергілікті тұрғындарына баспана тұрғыза бастады. Бүгінде оның қаражатына тұрғызылған үйлер саны мыңға жетті.
ҚАУІПТІЛІГІНЕ ҚАРАМАСТАН АЛЕППОДАҒЫ МҰҚТАЖ АДАМДАР МЕН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫН ҚАМҚОРЛАҒАН СИРИЯЛЫҚ АЗАМАТ
Сирия мемлекетінің Алеппо қаласындағы қанды-қырғын оқиғалардың салдарынан тұрғындардың көпшілігі тұрақтарынан кетуге мәжбүр болды. «Олар өздерімен үй жануарларын ілестіре алмады. Сол себептен оларға қамқор болуды шештім», - дейді Ала Джалил (Alaa Jalell ). Айта кетелік, Ала тек үй жануарлары емес, көмекке зәру тұрғындарға да қол ұшын созудан тайынған емес. Бұл әрекеттер ерлікпен пара-пар екені даусыз.
ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ «ӨНЕГЕЛІЛІККЕ» ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗ
Реймонд Нельсон (Raymond Nelson) – Оңтүстік Каролинодағы мектептің оқытушысы. Ол өз сыныбының бұзақы балаларын түзу жолға салу мақсатында оларға кеудеше мен галстук әперіп, «Серілер тобын» құрды. Мұнда жеткіншектер галстук байлауды, егде адамдармен қандай қарым-қатынаста болуды үйренеді. Нельсон ойлап тапқан әдістің үлкен ұтымды тұсы бар еді. Себебі, смокинг киіп, белгілі бір ұстаным жолында әрекет етсе, ешбір бала бұзақылыққа жол бермейді. «Олардың өзін әдепсіз ұстауы жеткілікті көңіл бөлінбеуі мен ыстық ықыластың жетіспеуінен» - дейді мұғалім.
АТА-АНАСЫ БАС ТАРТҚАН ЕКІ ЖАСАР НИГЕРИЯЛЫҚ БҮЛДІРШІН ДАНИЯЛЫҚ АЗАМАТШАНЫҢ МЕЙІРІМІНЕ БӨЛЕНДІ
Аня Ринггрен Ловен (Anja Ringgren Loven) атты даниялықтың көше бойынан екі жасар баланы тауып алғанына міне жыл өтті. Есімін Хоуп (Hope – үміт) қойды. Сол кезде сәби небәрі екі жаста еді және көшеде өткен-кеткеннің ұсынғанымен ғана аштан қалудан аман қалған болатын. Аня бейкүнә бүлдіршінді өзінің қамқорлығына алды. Одан бөлек, олармен 1-14 жас аралығындағы 35 бала қатар бір үйді паналайды.
Аня Хоуппен түскен суретін Фейсбук парақшасына жариялаған кезде, желі қолданушылары жалпы сомасы $1 млн болатын қаржылай көмек көрсетті. Бүгінде қайырымды жанның қанатының астында көптеген балалар алаңсыз балалық шағын өткізіп жатыр.
ЖАРАҚАТТАНҒАН ҚАРСЫЛАСЫНА КӨМЕКТЕСУ ҮШІН ЖҮЛДЕДЕН БАС ТАРТҚАН ЖЕЛАЯҚ
Рио-2016 олимпиадасының 5000 метр қашықтыққа жүгіру бәсекесінде жаңазеландық Никки Хамбли америкалық Эбби Д `Агостиномен соқтығысып қалған болатын. Никки қарсыласының орнынан тұруына көмектесіп, әрі қарай олар бірге мәреге жетті. Қос спортшы ақтық кезеңге өтіп қана қоймай, сайыс кезінде көрсеткен «ерліктері» үшін Пьера де Кубертен медалімен марапатталды.
ШАҚЫРЫЛҒАН ҚОНАҚТАРЫНАН ЕШБІРІ КЕЛМЕГЕН ТУҒАН КҮН ИЕСІНЕ МЫҢДАҒАН АДАМ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ
Бұл жағдайдан соң әпкесі Ребекка желі қолданушыларынан 18 жасар Халле Соренсонға (Hallee Sorenson) бір ауыз жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау хат жолдауларын өтінген еді. Дегенмен, адамгершілік қалыбын жоғалтпағандардың қатары көбейіп, Мэн штатының пошталық бөлімшесіне Халленің атына 10 мыңнан аса құттықтау хат келіп жетті.
ТҮЛЕКТЕР ЖОЛ АПАТЫНА ҰШЫРАҒАН СЫНЫПТАСЫНА МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІН ҚАЙТАРА ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Скотт Данн (Scott Dunn) көлік апатына дәл осы мектеп бітіру кешінен бұрын ұшыраған болатын. Әрине, осыншалықты маңызды күнде жолдастарының жанында болма алмауы оны қатты қынжылтты. Алайда, жасөспірім ауруынан айыққан бойда ата-анасына мектеп басшысы қоңырау шалып, баласына арнап ерекше сыйлық жасамақ ойларын айтады. Анығы, сыныптастары оған арнап түлектер кешін тағы бір мәрте қайталауды шешкен көрінеді. Бұл жолы тек бір диплом табысталады. «Жанашыр достарымның жанымда жүргеніне қуанамын» - деп Скотт ыстық ықыласын жеткізді.
ӘДІЛЕТТІЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Жертөлені қоныстап тіршілік кешіп жүрген Варалоп (Waralop) есімді тайлық азамат метро бекетінде әмиян тауып алған болатын. Қалтасының шұрық тесік екенін біле тұра $580 сома ақша мен несие картаны дереу иесіне жеткізді. Әмиян иесі Ниити Понгкрайньос (Niity Pongkriangyos) – ауқатты кәсіпкер, үлкен фабрика қожайыны болып шықты. Осындай жағдайға өзі тап болғанында әмиянды қайтарарына күмәнмен қарайтынын мойындаған ол Варалопқа алғыс айтып қана қоймай, қызметтік пәтер мен фабрикасынан жұмыс орнын сыйға тартты.
КӨРШІЛЕРІ ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ҮЙІН ЖӨНДЕУГЕ КӨМЕКТЕСТІ
Зейнеткерлік жастағы Эни Глэнси (Anne Glancey) атты мұғалімге қалалық қауымдастықтан тұрғын үйін жөндемеген және аула көгалын ретке келтірмеген жағдайда күніне $3 мың айыппұл салынатындығы жөнінде хабар келіп түсті. Оған көмектесер ешкімі жоқ еді, бірақ көршілері Адам мен Полемус еріктілермен бірлесіп, зейнеткердің панасын бір жаз бойы жөндеумен айналысып, қол ұшын созды. Жөндеуге дейінгі және одан соңғы нәтижесін суреттен көре аласыздар.
АЛТАЙДА БАЛЫҚШЫ БАТЫП БАРА ЖАТЫРҒАН БҰҒЫНЫ ҚҰТҚАРДЫ
Барнаул тұрғыны Иван Драчев балық аулаудан қайтып келе жатқанында мұз астына батып бара жатқан бұғыны байқайды. Дереу көмектесуге ұмтылады. Үшінші мүмкіндігінен жануардың мойнына жіп ілініп, судан алып шығады. Қатты суыққа батып, діріл қаққан бұғыны жылыту үшін уқалауға тура келді. «Қызық оқиға орын алды: жанына отырғанымда тұмсығын тіземе қойып, алғысын білдіргендей ишара жасады. Қанша жануар дегенімізбен, барлығын түсінетіндігін байқатты», - деді Иван.
Дереккөз: zhasatyrau.kz
М. Ақан