Като Ломб – химия саласының білгірі болғанына қарамастан, әлемдегі ең алғашқы синхронды аудармашы. Ол өзі 16 тілді меңгеріп, 8 тілде еркін аударма жасай алатын болған. Оның үстіне ол кездері аудиотаспалар да, интернет те болған жоқ. Ең қызығы – Ломб білетін тілдердің көп бөлігін көркем әдебиеттер оқып, оқулықтармен өзі жаттығу барысында меңгерген. Осыншама халықтың тілін үйреніп, көптілді ханым аталған Като Ломб тіл үйренуге деген ынтаны ашатын және көмекші құрал ретінде қолдануға болатын қарапайым кеңестер айтады:
1. Тілді күнделікті қолданысқа енгізу керек. Уақыт жетпегеннің өзінде тіл үйренуге 10-15 минут болса да уақыт бөлген жөн. Жаңа сөздермен жаңа тіркестерді құрастырып, соны күн сайын миға құйып отыру керек. Сонда ми да, тіл де жаттығады. Әсіресе, таңертеңгі уақытта тіл үйрену сабағымен айналысқан тиімдірек.
2. Егер тіл үйренуге де құлқыңыз төмендеп бара жатса, өз-өзіңізді алдандырыңыз. Өзіңізді сергітетін және көңіліңізді көтеретін нәрсе тауып алыңыз. Мысалы, қазір кішкене оқу, сосын музыка тыңдау, сосын серуендеуге де уақыт бөлу сынды. Тек тіл үйренуді жарты жолдан тастап кетпеңіз.
3. Контекст – біздің барымыз. Ешқашан сөздерді жеке жаттап шатаспаңыз. Әр сөз жаттаған сайын сөйлем құрап бірге жаттаңыз. Немесе сөзден тіркес құрап үйреніңіз.
4. Құраған сөйлемдер мен тіркестерді бірден жазып алыңыз. Жазып қана қоймай, кейінге қалдырмай жаттап алыңыз. Соларды пайдаланып, әңгімелесіңіз.
5. Көзіңіз түскеннің бәріне ойша аударма жасап жүріңіз. Мысалы, жарнамалар, үзінділер, газет атаулары, әндер мен диалогтар. Мұндай ми ширатулар есте сақтау қабілетінің жаттығуы үшін өте пайдалы.
6. Шағын мәтіндер мен диалогтарды жаттап жүрудің пайдасы көп. Бірақ жаттаған мәтініңіздің құрылымы дұрыс немесе ұстазыңыздың тексеруінен өткен болуы керек.
7. Дайын сөздер тізбегі мен идиомаларды бірден қағазға түсіріп отыруыңыз керек. Сонымен қатар, оларға мидың бірінші қатарынан орын беріңіз.
8. Кез келген шет тілін меңгеру үшін тұйықталып басқа істерге шектеу қоюға болмайды. Қамал бұзу үшін жан-жағынан шабуыл жасау керек секілді тіл меңгергенде да сабақпен қоса, фильм көруді де, көркем әдебиет пен газет оқуды да, интернетте өзге тілді адамдармен сөйлесіп хабар алысуды да ұмытпау керек.
9. Қателік жасаудан емес, түзелмеген қателіктерден қорқу керек. Ешқашан ештеңені түзеусіз қалдырмаңыз.
Сурет: rudaki.ru