- Негізгі бет
- Нақты ғылымдар
- Математиканы жаңаша оқыту...
Математиканы жаңаша оқыту
Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел — уәждерін нанымды жеткізе білетін, сенімді сыни пікір — көзқарастары жүйелі дамыған, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өз деңгейінде меңгерумен қатар, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін мен де деңгейлік курсынан алған білімімді іс-тәжірибемде қолданамын.
Сабақтарымда бұрын жиі қолданбаған топқа бөлудің әртүрлі әдістерін қолданамын, бұл жаңалық оқушыларыма өте ұнады. Жақсы қарым — қатынастардың кілті өзара түсіністік пен бірлескен жұмыста жататындығын ұғынып, «Бәріміз үшін біріміз, біріміз үшін бәріміз» деген ұранды басшылыққа алды. 6 «а», 6 «г» сыныптарындағы математика және 11 «а» сыныбында алгебра, геометрия сабақтарында келесі тәсілдерді қолданған кезде оқушылардың белсенділігі артып, сұрақ қою және олардың жауаптарына қарай әрекет етулері жақсара түскендігі анықталды.
- оқушылардың идеяларын зерттеу үшін кейбір «ашық» сұрақтар пайдаландым.
- оқушылардың ойлары мен сөздері арқылы білімін көрсету кезінде «мүмкін», «егер», «бәлкім» деген сияқты сөздерді қолданып, оқушыларды көтермелей отырып, жаңа идеялар ойлап табу үшін жаңа сөздік қорларын ұсындым.
- оқушылардың материалды өңдеуіне және өз көзқарастарын білдіруіне ықпал жасау арқылы, мысалы, «Сіз бұл туралы қалай білдіңіз?», «Неліктен?», «Сіздің тағы бірдеме айтқыңыз келе ме?» деген сұрақтарға жауап алу арқылы ойлаудың жоғарғы сатысына шығуға көмектестім.
- Оқушыларға олар күмәнданатын кезде тез қозғалудың орнына сұраққа мағыналы жауапты құрастыруы үшін жеткілікті уақыт берілді.
- Тақырыпты зерделеу міндеті мен мақсатын оқушылардың түсінуі үшін, класс ауқымында талқылау пайдаланылды.
Мұғалім оқушылардың жауабын олардың білім деңгейлерін тексеру үшін ғана емес, оларға өз ойларын анық жеткізуге, дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік беру үшін де пайдаланады. Олар мақсатына қаншалықты жетті, олар нені дұрыс жасайтынын, ал нені дұрыс жасамайтынын өздеріне бағалау жасау арқылы анықтап алды. Мен де оқыту тәжірибемде жетістіктерге жету жолдарын қарастырудамын. Оқушылар өз пікірлерін, көзқарастарын еркін және ерікті түрде білдірсе екен деп ойлаймын.
Тек білдіру емес, сонымен бірге өз пікірлерін дәлелдей алатын және оны іс жүзінде де асыра алатын тұлға болып қалыптаса алса, онда менің де сыни тұрғыдан ойлауым биік мақсатқа ұмтылғаны болмақ. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уарт: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген екен. Қазіргі таңда мұғалімдер алдында білім жүйесін, заман талабына сай үйлестіре, жаңа үлгіде жүргізу міндеті туындап, білімге бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Тәжірибеме өзгеріс енгізу арқылы менің де оқушымен қарым-қатынас жасауым жеңілдеді. Бұрын оқушыларым маған өз ойын ашық айтуға ұялатын болса, енді мен оларға серіктес ретінде сеніммен қарауды үйрендім.
Жалпы менің түйгенім, бұлай оқытудың бастапқы идеясы оқушыларды дайын, жаттанды біліммен сусындату емес, керісінше механикалық деңгейдегі сұрақтардан туындайтын жоғары деңгейдегі яғни сыни тұрғыдан ойлануға түрткі болатын «… не болар еді?», «қалай өзгертуге болады?», «егер де … сен не істер едің?» деген сияқты сұрақтарға оқушылар өздерінің ойын пікірталаста еркiн айта білетін, өз біліміне өзі жауап беретін жеке тұлғаны елімізде тәрбиелеп шығару.
Бұрынғы сабақтарымда мен сөйлете алмаған белсенділігі төмен «үнсіз оқушының» өзі басқа балалардың ықпалымен жұрт алдына шығып, өз ойын айта білуге үйренді. Оқушылар сабақта «қалай оқу керектігін үйренуді» меңгерді және дағдыланды. Яғни метатаным пайда болады. Өздері ой қорытты, нәтижеге жетуге ұмтылды. Топтық жұмыс арқылы оқушы мен оқушы арасында, жұптық жұмысты пайдалану арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым. Нәтижесі таңқаларлық! Оқушылар мен күткеннен де артық әсер алды. Өз ойларын Блум таксономиясы негізінде құрылған сұрақтарға толық жауап берді.
Жаңа сабақты өз беттерімен тез меңгере алды. Осыдан байқағаным топ оқушылары сәтті де, табысты орындалған жұмыстың «өзіндік тиімділігін» арттырып, бірлескен оқу барысында өзіндік орнын қалыптастырды. Топта бірлесе жұмыс жасау мен топтық таныстырылым ұсынған кезде өткізілген сабақтарым оқушыларымның білімге деген қызығушылық қабілеттерін арттырып, шығармашыл, ізденгіш, біреудің пікірін сыйлай білетін, құнды пікір айта алатын, көпшіл тұлға тәрбиелеуге мүмкіндік берді. Бұрын сабақты өте жақсы оқитын бала ғана дарынды болып есептелсе, енді кез-келген баланың бойынан ерекше қабілетті көре білуге, соны әрі қарай дамытуды үйрендім. Оқушыларымның ішінен суретші, болашақ жазушы, АКТ-ны жетік білетін баланы анықтап, ол оқушыларға дарындылық қабілетін әрі қарай шыңдайтындай тапсырмалар беріп, әр сабақ сайын балалардың ерекшеліктерін ескере отырдым.
Балалар ішкі толғаныстарын, сабақтан алған әсерлерін қымсынбай жеткізуді әдетке айналдырды. Әрбір сабақ сайын оқушы үнін біліп, олардың ұсыныстарына құлақ асуды мен де үйрендім.
Оқушылармен талқылау кезінде олардың мұғалімдер тапсырған жұмыс туралы пікірін жиі талқылауға тырысатынын байқадым. Олар жалпы «Бұндай бағалаумен келіспеймін» дейді, себебі өлшемдердің қандай екенін біледі. Олар теріс пікірге қарсы шыға алады және меніңше олар өздері тапсырған жұмыстың құндылығы туралы ашық диалог жүргізу қабілетіне ие болды.
Мен осы курста оқығаныма қуаныштымын. Өйткені қанша жаңа ақпарат алып, сабақ жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгердім. Өзімнің бойымда өзгерістер пайда болды: сабақта көп сөйлейтінмін, ал қазір оқушылар жаңа білімді өздері меңгере алатын жағдай туғызуға тырысамын. Мұғалім тек қана бағдар беруші. Ұлы ғалым Д.И.Менделеев: «Ғылымды сүйген және жақсы меңгере білген мұғалім ғана оқушыларына терең де мағыналы білім бере алады» деген.
Оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырғанымда, оқу үдерісіндегі қажеттіліктерінен басқа, оқушыларымды жаңа қырынан байқай бастадым. Табысты оқу мен оқытудың мәні оқыту үдерісінде жеке тұлғалар өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасағанымды байқай отырып, олардың математикаға деген қызығушылығын арттырамын. Жаңа технология қолдана отырып оқушылардың білім алғандығына дәлелдемелері қамтылған тізбектелген сабақтар топтамасына осы жеті модуль негізінде өтілген сабақтардан мен төмендегідей ой түйіндедім. Біз мұғалімдер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін сөйлей алатын, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлық танытатын, ойлау деңгейі дамыған, механикалық есте сақтаумен шектеліп қалмаған, алған білімдерін өмірде кез келген жағдайда пайдалана алатын оқушы ретінде қалыптасуына жол көрсетуіміз қажет. Осы күнге дейін өзімнің және оқушыларымның бойындағы өзгерістер:
- Сабақты жаңашыл түрде жоспарлауым;
- Оқушыларымның жаңашыл болуы;
- Балалар ретімен кезектесіп сөйлейді, бірлесе дамиды;
- Баға үшін емес, ой даму үшін оқи бастайды, бірақ әлі толық өзгеріске енген жоқпыз, себебі жаңашыл бағалауды да енді үйреніп келемін;
- Сабақ барысында жаңа әдіс-тәсілдерді өз жанымнан қосуға мүмкіндік аламын;
- Өз сабағыма өзім баға беремін және кемшілігімді түзеймін, жаңа жол іздеп, жаңаша талқылауды да үйреніп келемін.
Сыни тұрғыдан ойлайтын сұрақтар қоя біледі:
— Мен не білемін?
— Мен жаңаша нені білдім?
— Менің білімім қалай өзгерді?
— Мен осы біліммен не істей аламын?
Әр оқушымның білімге деген құштарлығы мен ынтасын арттыруға көмектесу – осы Бағдарлама аясында алып отырған кәсіби білімімді шыңдап жетілдіру барысындағы жеті модульді әр сабағымда ықпалдастыра өткізіп, әр оқушымның жеке даму траекторясына шығу мен үшін жаңа парадигмаға сәйкес ізденісті қажетсінетін, үнемі үздіксіз даму үстіндегі жаңашыл ұстаз ретіндегі түйінді әрі ең маңызды аспект болып табылатынын ерекше атап өткім келеді.
Бұл оқудың бізге берері мол. Сондықтан өзім осы курстан алған ілімімді тәжірибеме толығымен енгізгім келеді. Мен үшін аталған Бағдарлама мені өз жұмысымды дұрыс ұйымдастыруға, талдау жасауға сонымен қатар уақыттың тиімді пайдалануын қадағалауға бағыттады. Сондықтан білімімді жетілдіруді тоқтатпай, ары қарай дамытамын. Қорыта айтатын болсам, осы жоғарыда айтылғандардың негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу — оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп жан – жақты білім алуына көмектеседі.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде.
Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз болайық!
1-деңгейлі сертификатталған мұғалімі
Тлеуова Дания Алтоновна
martebe.kz