Ғылыми журналда жарияланатын мақаланың барлығы әрдайым шынайы бола бермейді. Тіпті, The Lancet, Science және Nature секілді белді әрі танымал басылымдарда да алаяқтардың мақалалары кездеседі. Зерттеу жұмыстары мүлде жүрмегені не көшірме екені анықталған жағдайда журналда мақала туралы пікірлер жазылып, зерттеу жұмысын теріске шығарады. Көбіне белгілі бір сала бойынша жаңалықтардың бірін жібермей қарап отыратын, ғылыми жұмыспен айналысатын тілшілер алаяқтыққа баратыны белігілі болған.
Алаяқтық статистикасы
Ғылыми мақалалардың 0,02%-тен 0,04%-ке дейіні жарияланған соң ғана өтірік-шыны анықталады. Әсіресе, генетика саласы бойынша жалған ғылыми мақалалар жиі кездеседі. 1970 жылдан 2018 жылға дейін 975 000 мақала медицина мен генетика бағыты бойынша жазылған. Олардың 1582-і теріске шығарылған.
Дің жасушасынан өлімге дейін
2014 жылдың қаңтар айында Nature журналында жапон ғалымдары жайында мақала жарыққа шығады. Мақала авторлары қарапайым тірі жасушалардан дің жасушаларын алу жолын тапқанын жазады. Ғылыми жұмыс бірден генетика саласындағы революция атанады. Олардың зерттеу жұмысы нәтижесінде жасушаларды қышқыл ортада, қысым түсіру не оттегі жоқ ортада алуға болады деген тұжырым жасалады. Алынған дің жасушасы STAP-жасуша деп аталады. Егер бұл жұмыс толықтай зерттелген әрі шын болса, онда кез келген ағзаны трансплантациялау кезінде дің жасушаларын өндіретін қарапайым технологиялар пайда болар еді.
Ғылыми жұмыстың авторы 30 жастағы Харука Обокатаның даңқы бір-ақ сәтте жер жарды. Дегенмен, көп ұзамай өзге ғалымдар зерттеу жұмысына күмән білдіре бастайды. Өйткені, тәжірибені 133 рет қайталаса да, мүлдем нәтиже байқалмаған. Жапониялық Riken жаратылыстану ғылымы институтының өзге мамандары (тәжірибе осы жерде жүрген) зерттеушінің сөзіне күмәнданып өзара қайта зерттеу жұмысын жүргізеді. Нәтижесінде суреттердің қолдан жасалғаны анықталған. Харукаға тәжірибені қайта жасатады, бірақ аталған нәтижені алмайды. Соңында институт кешірім сұрап, мақаланы теріске шығарады. Харука Обоката ғалым дәрижесінің айырылады. Қасында бірге жұмыс істеген, қосымша автор 52 жастағы Ёсики Сасаи, Riken директорының орынбасары өз-өзіне қол жұмсайды.
Болған оқиғаны зерттеген ғалымдар қате әдейі жасалмаған, тек зерттеуші тәжірибесінің аз болуынан деген тұжырымға келген.
20 жыл жалған ғылым саласында
Ал өзге жапон ғалымы Ёшитака Фудзии жиырма жыл бойы жалған ғылыми мақалаларды әдейі жариялаған. 2012 жылы әріптестері оның жұмыстарын әшкерелеген. Кем дегенде 183 ғылыми жұмысы жалған ақпаратқа сүйене отырып жазылғаны анықталды. Анестезиология саласының ғалымы Фудзии Тохо университетінде жұмыс істеп жүріп, ота кезінде жиі кездесетін жүрек айну мен құсуды тудыратын клиникалық дәрілерге тәжірибе жүргізген. Жапония анестезиологтар ұйымының мәліметінше, ғалым-дәрігер бір де бір емделушіге дәрі жазбаған. Әріптестері жазбаларды толықтай оқып шыққаннан кейін зерттеу жұмыстарына қатысқандар туралы ақпараттарды тексерген. Адамдардан сұрастыра келе 1993 жылғы өзге біреудің жұмысын көшіргені анықталған. Мақалалардың саны оған бедел алып келді, мансабы өсті, қаржы бөлінді әрі белді семинарларға қатысқан. Фудзиидің 249 мақаласының ішінде тек үшеуі ғылыми деп танылса, қалғаны жоққа шығарылған.
Клондау және этика
Дің жасушалары – ғылымдағы ең танымал тақырыптың бірі. Осы бағытта жұмыс істейтін алаяқтар оны өз пайдасына жаратуға тырысады. Соның бірі – Оңтүстік Кореялық мал дәрігері әрі зерттеуші Хван У Сок. Science журналында 2004 және 2005 жылдары жарыққа шыққан мақалаларынан кейін оның ғылыми ортада беделі артқан. Ол өз жұмысында клондалған адам ұрығынан дің жасушаларын жасауға болатынын айтады. Туған жерінде оны "Корея мақтанышы" деп атайды. Дегенмен, кейін зерттеуге кімнің жұмыртқа жасушасы пайдаланылған деген сұрақ ғалымдарды мазалай бастады. Тергеу жұмыстары басталып, нәтижесінде ғалымның көмекшілері донор болғаны аталды. Осылайша, Хван У Сок ғылыми этиканы бұзған. Ол өзінің қол астындағы көмекші әйелдердің өмірін қауіпке тіккен, әйелдерге гормон енгізген, бір цикл кезінде бір жұмыртқа жасушасының орнына 12-20 өндірген. Бұл зерттеу олардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Оның үстіне бұл туралы мақалада мүлде айтылмайды. Кейін Сеул Ұлттық Университеті Хвана У Сокты жұмыстан шығарады. Ал мемлекет оған қаржылай көмек көрсетуден бас тартып, зерттеу жұмыстарына қатысуға заңмен шектеу қояды.