- Негізгі бет
- Нақты ғылымдар
- Химия ғылымының заңын...
Химия ғылымының заңын жазған қазақ ғалымы
Химия туралы жалпы түсініктер өте ерте замандардан бастау алады. Сонау мәдениеті өрлеген Месопатамия, Қытай, Грек кейінірек шыңдалып үлкен жетістікке жеткен кезең саналатын Араб халифатының тұсында ерекше өнер ретінде жоғары бағаланды. Бұл еңбекті жазу мен үшін ұзақ ойлануды қажет етті. Себебі ерте замандардан бастау алатын таңғажайып ғылым Алхимия туралы мыңдаған зерттеушілер жазып келеді. Зерттелетін зат құнды болған сайын оған қызығушылар да көп болатыны белгілі. Алхимия бұл өлтірмейтін ғажайып затты немесе сиқырлы “философиялық тасты” іздеуден басталды. Сол қызығушылық, міне, бұл күнде керемет химия ғылымына негіз болып отыр.
Менің мақсатым алхимияның тарихын айту емес, себебі алхимия туралы кітаптар баршылық. Мен орта ғасырда өзінің озық ойымен замандастарынан әлдеқайда озық кеткен әйгілі энциоклопедист ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің “Алхимия өнеріне қажеттілік туралы” деп аталатын керемет туындысын талдап оның қаншалықты маңызды екенін түісіндіру болмақ. Бұл еңбек толық талданып, химия ғылымы саласында өзіне лайықты орынын ала алмай келеді Еңбектің көпшілік қауымға белгісіз болып қалуы да сондықтан.
Алхимияны сол кездің ғалымдары бір металды бір металға қосу арқылы алтын алу ісіне пайдаланды. Ол кездің ғалымдары қазіргідей жасаған тәжірибелерін жария етпей, керісінше өте құпия сақтады. Әр ғалым өз пайдасын ойлап күні - түні өз зертханасында зерттеулер жүргізді. Әсіресе бұл өнер араб халифатында қанатын кеңге жайды, зор табыстарға да жетті. Тіпті алхимия 4 құпия ғылымның қатарына кірді. Бүгінгі таңда ғылымның қан тамырына айналған химия сол кездердегі алхимияның жемісі. Осынау болашағы бұлыңғыр болған, сенің еңбегіңе ешқашан кепілдік бермейтін бұл өнер жолында барлығы бірдей табысқа жетіп, байлыққа белшесінен батпады. Тек саны саусақпен санарлық алхимиктер ғана қара металды жылтыраған алтынға айналдыруға қолы жетті. Бірақ бір өкініштісі алтынға айналған қара металл аз ғана уақытқа алтынның қасиетін сақтады, содан соң қайта баяғы қалпына келетін. Бұл өз кезегінде алаяқ сатушы мен жәбірленушілерді арттырып жіберді.
Сол жылдардың бірінде Фараби халифаттың астанасы Бағдат шаһарында тұрып жатқан болтын. Шаһар халқы Фарабиді ерекше қадірлеп, “Ғалымдардың ғалымы”, “Даналардың көшбасшысы”- деп дәріптейтін. Бір күндері шаһардың озық ойлы ғалымдары, нала болған саудагерлері келіп Фарабиден бұл өнердің дұрыс не бұрыстығын анықтап беруін өтініп сұрап келеді. Ол өз замандастарын бұл өнер туралы барлық халықтар білетіндей, түсінетіндей кітап жазуға уәде беріп, шығарып салады.
Міне, осы кезден бастап бұл өнерді шындап зерттеуге мықтап ден қоя бастайды. Күтпеген сұрақтың қойылуы әрине мәселенің маңызды болып бара жатқанын байқатты. Енді Фараби тек кітап ақтарып ойланумен айналыспай, керісінше алхимиктердің жасаған тәжірибелерін жасап, олардың көрген қиындықтарын өзі де басынан кешірді.
Ол ертелі кеш темір металдың қасиеттерін зерттеумен айналысты. Себебі алхимиктер осы бір металдың ерекше қасиеттерге ие екендігін үнемі айтатын. Дүниенің тірегі оның мықтылығында. Ал мұндай қасиетті темірден көруге болатын. Тіпті оны айтпағанның өзінде қасиетті Құран Кәрімдегі елу жетінші сүре “Темір” деп аталуы да тегіннен - тегін емес екендігін аңғартатындай.
Фараби еңбегін мынадай сөздермен бастады:
“Бұл кітапта мен бұл өнердің қажеттілігін атап өтіп, ол қандай жолмен дәлелденетінін және бұл өнерді зерттеушілердің жіберген қателіктерін көрсетуді мақсат етіп қойдым ”-дей келе бұл өнердегі адасушыларды екі топқа бөледі. “Біріншілері, өнерді жоққа шығарады және бұрмалайды” - бұл топтағылар қарапайым халық,саудагерлер мен кейбір кері тартпа ғалымдар. “Екіншілері мойындайды, бірақ оның мүмкіндігін асыра пайдаланады” - бұл топтағылар ғылымнан пайда табуды көздеген алхимиктер.
Ол: “Бұл өнерді түсіндіру үшін олар кейде ақиқат, кейде өтірік айтатын поэтикалық сөздерді қолданады. Олардың сөзін түсінбейтіндер не ойлайды олардың бұл өнер туралы ойлары анық болмағандықтан бұл өнер туралы ешқандай білім алу мүмкін емес.Өз кітаптарында ғалымдар бұл өнердің іс-әрекеті туралы ештеңе айтпайды. Олар халыққа оқытып таратуды қаламады. Сондықтан бұл өнерді зерттеушілердің ойында абыржу, шатасу және бір көзқарастан екіншісінше ауысу бағытталады ” - деп, өзіне дейінгі бұл ғылым туралы іліп аларлық бір де бір кітаптың жоқтығынан адамдар жалған сөздердің жетегінде кететіндігін түсіндіреді.
Расында бұл өнер туралы кітапты айтпағанның өзінде ғылымдағы басты құрал саналатын әр түрлі заттардың химиялық құрамы туралы қолжазбалар мүлде жоқтың қасы болатын. Олар тек кездейсоқ бақытқа кенелуге сеніп,заттарды бір біріне байланыстырып, сол арқылы тәжірибесінен байқағанын қағазға түсіріп отырды. Бірақ оларда тәжірибе алмасу деген атымен жоқ-ты. Білген ілімдерін бір - бірінен құпия ұстады.
Осы кітаптан тыс ғалым “Философтардың сұрақтарына жауаптар ” еңбегінде “Элемент дегеніміз не?” деген сұраққа былайша жауап береді:
Жауап: Күрделі субстанциялардың бастаулары от, ауа, су, жер сияқты осындай элементтерден пайда болады. Күрделі субстанциялардың қарапайым құрамдас бөліктеріне жатады ” - деп сол дәуірдің өзінде элементтің нақты сипаттамасын берген еді.
Фараби бұл өнерді талдай келе соңына қарай практикалық яғни өзінің зертханасында жасаған тәжірибелерімен жазған теориясының дұрыстығын дәлелдейді. Ол: Алтын,күміс басқа да отта жанбайтын бірақ балқитын металдардың бәрінің тегі бір. Сондықтан олардың айырмасы формасында емес олардың мәнді және кездейсоқ акциденцияларында(қасиеттері). Яғни ғалымның айтуы бойынша отта жанбайтын бірақ балқитын металдардың тегі бір болғанымен қасиеттері арқылы бір бірінен ерекшеленеді. Бұл Фарабидің алхимияға қосқан ерекше жаңалығы деуге болады. Осы қағиданы атақты Роберт Бойл, Дальтон, Н.Бекетов, М.В.Ломоносов секілді ғалымдар Фарабиден жеті ғасырдан кейін ғана қайталап жасап, бабамыздың білімділігіне қайран қалған.
Қазіргі кезде қазақ ғылымының тарихында әсіресе отандық химия оқулықтарында Фараби бабамыздың адасушыларға дұрыс бағыт сілтеп химия ғылымы тарихында төңкеріс жасаған орасан еңбегі әлі де болса өз орынын ала алмай жүргені әрине, өкінішті. Өкініштісі сол бүгінде мектеп оқушыларынан химия туралы сұрар болсақ бірден Д.И.Менделеев туралы сайрай жөнеледі. Осылайша Ұлы бабамыздың еңбегі үнемі тасада қалып келе жатыр.Тек химия пәні бойынша 8-сынып оқулығының ең соңғы беттерінің бірінде Әл - Фарабидің “Химия өнерінің қажеттілігі туралы”- деп аталатын еңбегінің бар екендігі туралы ғана айтылған.Бұл әрине бүгінгі ұрпақтарға артылар сын деп білемін.
Әл- Фарабидің осы бір тамаша еңбегін мектеп оқулықтарында,сонымен қатар ЖОО арналған химия кітаптарының алғашқы беттеріне жарияласа артықтық етпес еді. Себебі кітап деп айтылғанмен бұл еңбектің көлемі шағын әрі ықшамдалып жазылған. Шыңғысхандай қан төкепей – ақ, бүкіл әлемді мойындатқан Ұлы данышпанның өз туған жерінде бір еңбегінің өзі еленбей қалуы барша қазақ жұртына сын.
www.ult.kz
А. Оралқызы