Дизайнерлердің қандай түрлері бар?

Дизайнерлердің бәрі бірдей жұмысты тапсырыс берушінің ойындағыдай етіп жасамайды. Олардың арасында жұмысқа атүсті қарайтындары да, мінсіз орындауға тырысатындары да бар.  Ан2 брендтік агенттігі дизайнерлердің типтерін атап көрсетті.  

Креативті дизайнер
Креативті дизайнер өте стильді киінеді, өзін соған сай ұстайды. Одан бөлек, жарқын мінезімен көзге түсіп, тапсырыс берушінің назарын өзіне еріксіз аударады.

Жағымды жақтары:
Көзінде от жалындап тұрған бұл дизайнер идеялардың қозғалтқышы іспеттес. Ол ылғи адамдарға жаңашылдықтың не екенін дәлелдеумен болады. Жаңа іс бастарда немесе ребрендинг жұмыстары үшін таптырмас адам. Мәселенің шешімін жан-жақты қарастырады. Жиі бірнеше жобаны қатар жүзеге асыратын, толассыз ойлану мен идеяларды керек ететін ортада жұмыс істейді.

Жағымсыз жақтары:
Бір ортада жұмыс істеу өте қиын. Оның үстіне, тез жалығатындықтан, бастаған істі ешқашан аяғына дейін жеткізбейді. Тек шабыттың ізімен жүреді. Дедлайнның қас жауы. Сонымен қатар, сын көтере алмайды. 

Дизонегр
Таң атқаннан кеш батқанда дейін, кейде ұйқысыз жұмыс істеу — оның ең сүйікті ісі.

Жағымды жақтары:
Ізденіс — оның екінші аты. Түрлі нұсқаларды көреді, қайта жұмыстанады, жобаның үтір-нүктесіне дейін қайта жасауға дайын. Командалық жұмыс пен бизнес жобалар үшін таптырмас дизайнер. Сынды қабылдай біледі және оны түзеу үшін жұмыстанады.

Жағымсыз жақтары:
Егер бақылып отырмаса, ол бағытын өзгертіп жіберуі әбден мүмкін. Кейде жайлы аймақтан шығуға батылдығы жетпейді. Оның үстіне, креативтілік жетпейді. 

Перфекционист
"Қателікке жол жоқ"— оның өмірлік ұраны. 

Жағымды жақтары:
Тапсырыс берушімен тез тіл табысады, оған идеяларын еш қиындықсыз, сенімді түрде ұсынады. Одан бөлек, алдын-ала берілетін төлемақыны келісіп, тек келісімшартпен әрі ереже бойынша жұмыс істейді. Жобаның сәтті шығуы үшін жұмыстанады. Қисық, үйлесімсіз нәрсені жек көреді. Фотошоп секілді бағдарламаларды жақсы меңгереді. Суреттерге аса қаттты мән береді. 

Жағымсыз жақтары:
Оның әр нәрсеге тиісе беруі, бір нәрсенің көңілден шыға қоймауы тапсырыс берушінің шыдамының шегіне жетеді. Одан бөлек, бұл типті дизайнерлер өте мазасыз. 

Бажылдақ: 
"Тапсырыс беруші — ақымық, дизайнның түк мәні жоқ, бөлме ыстық, кеңсе тым үлкен…". Егер өмірі ешнәрсеге көңілі толмайтын адаммен жұмыс істесеңіз өмірден бір-ақ сәтте түңіліп кетесіз.  

Жағымды жақтары:
Дизайнер ретінде өте жақсы маман. Бірақ, тапсырыс берушінің жүйкесі мықты болуы шарт. 

Жағымсыз жақтары:
Оны таңғалдыру мүмкін емес. Оның үстіне әрқашан айналасындағыдардың көңіл-күйін бұзады.

Арифмометр
Жинақы әрі салмақты. Тазалықты жақсы көреді. Ешқашан жұмыс үстелінен қоқыс көрмейсіз. 

Жағымды жақтары:
Оның қолында сізге керекті сапалы тауар бар, ал сіз сатып алушысыз. Ол кез келген нәрсені уақытында бітіреді әрі сапалы дүниелерді ғана жасайды.  

Жағымсыз жақтары:
Егер ол артық 2 батырманы қолданса, артық ақша төлеуге дайын болыңыз. Оның өзгелердің артықшылығы (мүмкін, кемшілігі) ешкімге көрінбейтін есептегіш құрал оның миында орналасқан. 

Жайбасар
Жұмыстың тез аяқталғанын қалайтындар үшін жайбасар дизайнер нағыз "жаза" іспеттес. Баяу қимылдау мінездің нашарлығы емес, адамның темпераментімен байланысты екенін кейде естен шығарып аламыз.

Жағымды жақтары:
Белгілі бір мерзіммен шектелмеген, бірақ, нәтижесі маңызды жұмыстар үшін таптырмас дизайнер. Адамдармен сөзге келмейді әрі мазасыздық оған тін емес. Топтық жұмыс үшін жаратылған. 

Жағымсыз жақтары:
Асықпай жұмыс істейтіндігі оның тапсырыс берушілермен қарым қатынасына кедергі келтіреді. 

Тұрақты дизайнер
Бір орында тұрақтап қалуды жөн санайды.

Жағымды жақтары:
Күнделікті бір тірліктен ешқашан жалықпайды. Бұндай дизайнер штаттық жұмыстар үшін жаратылған. Одан бөлек, бір орында тұрақтап қалады. Жұмысты аяғына дейін жеткізеді. 

Жағымсыз жақтары:
Кез келген жаңа идея оның үрейін туғызады. Жаңашылдық оның қас жауы. Одан да еті үйренген нәрсені қайталай бергенді дұрысс санайды. 

Мінсіз:
Бұндай тип дизайнер арасында мыңнан бір жағдайда кездеседі. 

Өзінің күшті жақтарын біледі әрі орындай алмайтын істі қолына алмайды. Тапсырыс берушілерден қорықпайды, ойын жеткізе алады. Қателіктен қорықпайды және өзін өзі дамытуды бірінші орынға қояды. 

Жағымды жақтары:
Жобаны мінсіз, уақытында аяқтайды. Артық ақша қажет етпейді әрі келісімшарт бойынша жұмыс істейді.

Жағымсыз жақтары:
Өте сирек кездеседі.

Бұл — жұмыс барысында кездесетін дизайнерлер типі. Ал сіз осы уақытқа дейін дизайнерлермен жұмыс істеп көрдіңіз бе?