Сауда – ежелден бері адамның табыс көзі. Бұрын да, қазір де саудамен айналысатын адамның табысы қарапайым адамдарға қарағандай әлдеқайда көбірек екенін білеміз. Жылдар жылжығанымен, саудагердің негізгі мақсаты өзгеріссіз қалды: табыс табу үшін тауарын өткізу әрі тұтынушының қажеттілігн өтеу. Қазір саудагер сөзінің орнын сату ісі жөнінде менеджер немесе бизнесмен сөздері алмастырған.
Сату ісі жөнінде менеджер неге өзекті мамандық?
Бұл мамандықты сұранысқа ие мамандықтар тізіміне қосып қоюға болады. Кез келген дамушы компанияның міндеті – өз тауарына деген сұранысты арттырып қана қоймай, инвесторлармен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатып, серіктестермен тұрақты байланыс жасау.
Бұл қызмет түрлеріне жауапты – сату ісі жөніндегі менеджер. Ол ұйым мен тұтынушы арасындағы «көпір» қызметін атқарады. Ешқандай фирма нағыз мамансыз сауда айналымында табысқа жете алмайды.
Сату ісі жөніндегі менеджердің қызметтері:
Менеджердің бойындағы дағдылар болашақта оған сенімді қызмет ететін болады. Өйткені, финанс саласында қызмет ететін адамдар ақыл мен жауапкершіліктен бөлек, мықты ішкі түйсікке ие болуы керек. Ұйымның ұсынып отырған тауарының қажеттілігін, оның ауқымдылығын, сұранысқа ие болу мүмкіндігі мен нарықтағы бағасын есепке ала отырып, бәсекелес өзге компаниялардан әлдеқайда жоғары табыс табу жолын қарастыруы тиіс. Маманның негізгі міндеті мынандай:
• Сату көлемін өз саласына сәйкес өсіру;
• Жаңа тұтынушыларды өзіне тарта білу, тұтынушылар базасын арттыру әрі олармен дұрыс қарым-қатынас орната білу.
• Тұтынушыға керек тауар бойынша сауатты ақпарат беру.
• Есеп құжаттарын жасақтау, тапсырыстарды қабылдау.
• Әлеуметтік жобаларда өзін көрсету.
• Жаңа тауарлар, бағдарлама бойынша тренингтер ұйымдастыру.
Осының бәрін тиянақты атқара отырып, білікті менеджер болу оның басты мақсаты болуы тиіс. Есте сақтаңыз: менеджер мен білікті менеджер екеуі екі түрлі «мамандар».
Білікті менеджер деген кім?
• Оқу-меңгеруге деген қабілеттілік. Білікті менеджер болу үшін көбірек үйренуге деген құштарлық болуы тиіс. Ақпараттардың айдынында еркін жүзіп, келешекке болжам жасауыңыз керек. Тұтынушының ойына сәйкес адам бола білуі тиіс. Кез келген қиындықта жол таба алатын, тез шешім қабылдайтын қасиет артық етпейді.
•Нәтиже. Білікті менеджер өзінің әр әрекетінен оң нәтиже алуға тырысуы керек. Компания өз менеджерлерін жиі оқуға, тренингтерге жіберіп тұрады. Себебі, оқыған сайын компанияның даму мүмкіндігі арта түседі.
• Тиянақтылық, әділдік, сақтық. Бұл қасиеттер өмірде ғана емес мамандандырылыған ортада да сынға алынады. Бір сандағы қателік бір тұтас компанияны шығынға батыруы мүмкін екендігін естен шығармаңыз.
• Салмақтылық. Менеджер – басқарушы. Ал, кез келген қиындықтан шығар жол таппай, күйзеліске ұшырайтын әрі айқай-шусыз іс бітірмейтін менеджер қол астындағы қызметкерлерді де, басшылықты да мезі етеді.
•Өзіне деген сенімділік. Өзінің әр әрекетіне жауап беру көп адамның қолынан келе бермейді. Ал, менеджер сол қасиетті бойына сіңіруі тиіс.
Білікті менеджер өз жұмысына қатысты бар ақпараттан хабардар, өз ойын дұрыс жеткізе алатын, дұрыс сұрақ қойып, орынды жауап қататын адам.
Егер менеджер саласы бойынша білім алып жатсаңыз, өзіңізбен жұмысты бүгіннен бастаңыз.
Сәттілік тілейміз!