- Негізгі бет
- Нақты ғылымдар
- Аспандағы ең жарық...
Аспандағы ең жарық құйрықты жұлдыз
Жерге жақын әрі көзге оңай көрінетін, бүгінгі күннің ең жарық құйрықты жұлдызы – C/2020 F3 (NEOWISE). Бұл жарық жұлдыз, әсіресе, осы жылдың шілде айында жерге жақын келмек. Демек, оны кез келгеніміз көре аламыз деген сөз.
Мәселен, кеше Massaget ұжымының фототілшісі Ернар Алмабек осы кометаны суретке түсіріп үлгерді.
Әсіресе, 23 шілде – құйрықты жұлдыздың Жерге ең жақын келетін күні. Оны солтүстік көкжиекке қарап тануға болады. Жұлдыз Күнге жақын жатқандықтан, таңға жуық жақсы көрінеді.
C/2020 F3 құйрықты жұлдызы 2020 жылдың 27 наурызында табылған. Оны 2009 жылы орбитаға жіберілген NEOWISE атты инфрақызыл телескоп анықтаған. Аталмыш телескопты ғарышқа жіберудегі ғалымдардың мақсаты алыс галактикадағы денелерді, Күнге жақын жұлдыздарды, Құс жолындағы астероидтар мен Жерге жақын троян астероидтарын табу болатын. Бұл мақсатына ғалымдар жеткен сыңайлы. Телескоп өте жылдам әрі Күннің жанындағы қозғалып жүрген ғарыш денелерін анықтауға оптикасы жеткілікті. Соның арқасында ондаған кометаның жүріс жолын анықтады.
Ал C/2020 F3 жұлдызын Күннен екі астрономиялық бірлік жердегі қашықтықтан тапқан. Мұны құйрықты жұлдыз емес, жай жұлдыз деп атауымыздың себебі бар. Өйткені басында бұл жұлдыздың құйрығы да, комасы да болмаған. Мұз түйіршіктеріне ұқсас шаң басқан қабатпен қапталып жатқан. Алайда 3 шілде күні Күнге 44 млн шақырымға жерге дейін жақындап, жарық жұлдызға, ғарыштағы ең жарық денелердің біріне айналып шыға келді. Ал жарығының өлшемі шамамен, 1m –ге (жұлдызды өлшеу бірлігі), құйрығының ұзындығы 30 бұрыш минутына (ай дискісінің диаметрі) тең.
Түн тастай қараңғы күндері бұл құйрықты жұлдызды көру оңай болады. Ал 17 шілде күні Жетіқарақшыға жақын келеді де көзге оңай түседі.
Халықаралық ғарыш бекетінің ғарышкері Иван Вагнердің Риа Новостиге берген сұхбатында мұндай жарық құйрықты жұлдызды соңғы рет 1997 жылы көргенін, содан бері 23 жыл өтсе де, сондай жарық құбылысты көрмегенін айтқан.
Құйрықты жұлдыздың орбитасы созылған эллипсис, шамалы параболаға ұқсас. Ғалымдардың есебінше, оның бұрынғы афелиясы Күннен 544 а.е қашықтықта болған, орбиталық периоды 4500 жылға тең. Күнге жақындағаннан кейін жұлдыздың орбитасы біршама өзгеріп, одан әрі созылған. Ал айналу периоды 6800 жылға дейін ұзарған.
C/2020 F3 кометасы – ғарыш пен астрономиядағы ерекше құбылыстардың бірі. Мұндай жарық жұлдызды Ұлы жұлдыз деп атауға болады деседі. Енді мұндай құйрықты жұлдызды 5 жылдан кейін ғана көруге болатын көрінеді.
Қ. Слямбек