Ғылыми жаңалықтар жаршысына айналған Science журналы жыл нәтижесін қорытындылады. Олар 2019 жылдың ең маңызды жаңалығы ретінде "қара құрдым суретін" жариялаған Event Horizon Telescope жобасын бәрінен жоғары қойды.
Аспан әлемі жұмбаққа толы. Сан мыңдаған жылдар бойы ғалымдар мен зерттеушілер жұлдызды әлемнің ғажабына үңіліп келеді. Әсіресе көбірек қызықтыратыны қара құрдым еді. Биыл соның суретін жариялады.
Галактика кіндігіндегі қара құрдымның фотосын түсіру үшін әлемдік зерттеушілер Event Horizon Telescope жобасын әзірлеген болатын. Ол үшін Жердің әр түкпіріне 8 телескоп қойып, зерттеулерін бастаған. Мамандардың бұл еңбегі өз нәтижесін беріп, адамзат тарихында алғаш рет қара құрдымның фотосы түсірілді. Оны түсіру мен зерттеу, сондай-ақ жариялау үшін 2 жылдай уақыт кеткен.
Бір қызығы, журнал сайтындағы сауалнама нәтижесі басқаша болып шыққан. Оқырмандар ғылымдағы жыл жаңалығы деп Денисов үңгірінен табылған адам қаңқаларын таңдаған. Одан кейінгі орынға Эбола дертіне шипа тапқан жоба орналасқан. Ал сауалнамаға қатысқандардың 15% дауысына ие болған қара құрдымның суреті үшінші орыннан көрінген.
- Бұл жыл ғылым үшін аса табысты болды. Әсіресе қара құрдымның суретін көреміз деп кім ойлаған? Бұл дегенміз сиқыр емес, командалық жұмыс пен технологияның жетістігі, - дейді Science журналының редакторы Тим Аппенцеллер (Tim Appenzeller).