Қазақ-Британ техникалық университетінің түлегі Әзизхан Әлмахан Google компаниясына жұмысқа қабылданды деп хабарлайды massaget.kz тілшісі. Әзизханға былтыр Facebook компаниясы да шақырту жіберген екен. Бірақ оның сол уақытта жоғары білімі болмағандықтан шетелге виза аша алмағаны себепті бас тартуға мәжбүр болыпты.
2012 ACM ICPC бойынша әлем чемпионатына қатысқан ҚБТУ құрамасы
Ол Google компаниясына қабылданған соң жақын уақытта арнайы шақыртуды күтіп отырғанын айтады. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан бас штабында жұмысын жалғастырмақ. Әзизхан онда бағдарлама өңдеуді қамтамасыз ету маманы (Software engineering) ретінде жұмыс істейтін болады.
Facebook компаниясында тәжірибе алған азаматтар
Әзизханға неліктен Google компаниясын таңдағанын сұрағанымызда ол жақта Қазақстандағыдай қатып қалған тәртіп пен ресмиліктің жоқтығы қызықтыратынын айтып өтті. 22 жастағы Әзизхан Google компаниясында қалып қоймай, болашақта шетелден үйренген тәжірибесімен елімізге оралып, отандық жобалармен айналысатынын да айтып отыр. «Ол жақта жұмыс істеп өмір бойына қаламын деп ойламаймын. Қазір біз енді ғана жоғары білім алдық. Кейін сол компанияда қалып қоямын деп ойламаймын. Себебі біз елімізге тәжірибе жинап келіп, әртүрлі жобалармен жұмыс айналысуымыз керек» дейді ол.
Берлинде биыл өткен Yandex Algorithm олимпиадасының ақтық сыны
Әзизхан Әлмахан Тараз қаласында туған. Тараз қаласындағы Жамбыл қазақ-түрік мектеп-интернатын, кейін Қазақ-Британ Техникалық университетіне оқуға түскен. Университетті осы 2014 жылы бітірген. Ол бала кезінен информатикаға қызығушылығы болғанын айтады. Әзизхан үйдің үлкені, оның екі қарындасы және бір інісі бар. Үлкен қарындасы Қазақ-түрік колледжінде оқиды. Ал Ерасыл есімді інісі енді ғана мектепке барады. Үйдің кенжесі Жанерке балалар бақшасына барады.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz