Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан 81 келіде финалға шыққан Вадим Казаков болгариялық боксшы Благой Найденовке «ресми түрде» есе жіберіп алды.
Бірінші раунд басталысымен Вадим қарсыласын жойқын соққыларының астына алды. Бұрыштан-бұрышқа қашқан қарсылас дөп тиген соққыларымен көзге түспесе де, үш төреші бірауыздан болгариялық боксшыға жеңісті берді. Дәл осы жағдай екінші раундта да орын алды. Ал үшінші раундта барынша ширақ қимылдаған отандасымыз қарсыласты тағы да соққыларының астына алды. Жеңіс бұл жолы да қарсылас пайдасына шешілді. Қорғанысты ойлаумен жүрген болгарлық боксшы соққыларының дарып жатқаны шамалы еді. Бокстағы нағыз жекпе-жек жұдырықтасу екенін түсіндірген Вадим Казаков күміс жүлдені иеленді. Сәуір айында Болгарияда өткен әлем чемпионатының финалында да жерлесіміз осы Благой Найденовтан төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын. Ал осыған дейін 60 келіде бақ сынаған Абылайхан Жүсіпов алтыннан алқа таққан болатын. Сонымен қатар, сағат 16:06-да еркін күрестен Мұхамбет Қуатбек америкалық Датон Фикспен алтын жүлде үшін белдеседі. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет:vk.com/kazboxing