Үш боксшымыз жартылай финалға өтті

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан ел намысын қорғап жатқан үш боксшымыз жартылай финалға өтті.

49 келіге дейін салмақта өнер көрсетіп жатқан Шалқар Айқынбай түрік елінен келген Мерт Караклычты айқын басымдықпен жеңді. Енді жерлесіміз әзірбайжандық Руфат Хусейновпен жұдырықтасатын болады.

Еіміздің Туын көтеріп шыққан Абылайхан Жүсіпов ширек финалда румындық Арсен Мұстафаны сенімді түрде жеңді. Сәуір айында Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да осы қарсыласын финалда сүріндірген болатын. Бүгін жерлесіміз венгриялық боксшы Ричард Коннимен кездеседі.

81 келіде ел намысын қорғап жатқан Вадим Казаков ширек финалда Норвегия елінің былғары қолғап шебері Вегар Трегренді 3:0 есебімен жеңді. Енді оның жартылай финалдағы қарсыласы – армян Марек Манасян. Ал қыздар арасында бақ сынаған Алуа Балқыбекова ширек финалда жеңіліп қалды.

Жартылай финалдық кездесулер бүгін Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады. Жартылай финалға өткен боксшылар автоматты түрде қола жүлдеге ие болмайды. Қола үшін де жекпе-жектер өтеді. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 37-ші орында келеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:alaman.kz