Нанкинде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан сынға түскен әлем чемпионы Шалқар Айқынбай қола жүлде үшін өткен жекпе-жекте жеңіліп қалды.
Жартылай финалда жерлесіміз әзірбайжандық Руфат Кусеиновке ұтылып, финал жолындағы жүлдеден қағылған еді. Нәтижесінде қола жүлде үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алған. Жаңа ғана жапон былғары қолғап шебері Субару Моратамен жұдырықтасқан отандасымыз төрешілер шешімімен ұтылып қалды. Қорытындысында төртінші орынға тұрақтады.
Финалға өткен Абылайхан Жүсіпов (60келі) пен Вадим Казаков (81 келі) 27 тамыз күні рингке көтеріледі. Алғашқысы кубалық Лимонта Буда Аленамен жұдырықтасса, екінші өреніміз болгариялық Благой Найденовпен алтын алқаны сарапқа салатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін дзюдодан Бауыржан Жауынтаев алтыннан алқа тақса, ауыр атлетикадан Жасұлан Қалиев, Татьяна Капустина және грек-рим күресінен Евгений Поливадов қоржынға қола жүлделер салған болатын. Ал о баста ел құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 9 қола жүлдені жеңіп алуды жоспарлаған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: alaman.kz