Нанкиннің басты спорт нысандары

Нанкиннің басты спорт нысандары

Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Әлемнің 170-тен астам елінің жас таланттары бақ сынап жатқан доданың ойындары елдің күншығысында орналасқан қаладағы 14 спорт кешенінде өтуде. Бүгін біз сіздерді жарыс өтіп жатқан спорт кешендерімен таныстырамыз.

Нанкиннің Олимпиада спорт кешені


Нанкиннің Олимпиада спортының түрлеріне арналған спорт кешені 2005 жылы салтанатты түрде ашылған. Көпсалалы болып келетін ғимаратта бірнеше спорт түріне арнайы жабдықталған орындар бар. Дәл қазіргі уақытта бұл кешенде суда жүзу, дайвинг, бессайыс пен көркем гимнастикадан сайыстар өтуде. 60 000 жанкүйер бір мезетте кіре алатын негізгі стадион «Цзянсу Сайнти» футбол клубының жергілікті алаңы болып саналады. Ал дүбірлі доданың ашылу салтанаты да осы кешенде өтті. Жабылу кеші де осы кешенде өтеді.

Нанкин халықаралық көрме орталығы


Нанкин халықаралық көрме орталығы қаланың Хэси жаңа ауданында орналасқан. Бұл кешен Олимпиада ойындары барысында бокс, ауыр атлетика, таэквондо және семсерлесу спортының ойындарын қабылдап жатыр.  2013 жылы ірі дода алдындағы байқау ретінде, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары осы кешенде өтті.

Лонг жанг гимназиясы


Лонг жанг гимназиясы кешені 1995 жылы салынған. Одан кейінгі уақытта бұл кешенде талай халықаралық турнирлер өткен. ІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада бұл кешенде дзюдо мен күрес түрлерінен медальдар жиынтығы сарапқа салынуда.

Сюнь Уху триатлон орталығы


Табиғаты таңғажайып жерде орналасқан Сюнь Уху триатлон орталығы да жарыстарын бастап кетті. Нанкин қаласы осы триатлон орталығы орналасқан Хоу мен Санг көлдерімен де атақты.

Хин жуанг ат спорты кешені


Сюань көлінің жағажайында орналасқан Хин жуанг спорт кешенінің көркі көз тартарлық. 2000 жылы пайдалануға берілген орталық ат спорты ойындарын қабылдайды. Ал қазіргі Олимпиада ойындарында жеңіл атлетиканың кей түрлерінің сындарын қабылдауда.

Утайшань


Бұл спорт кешенінде футбол, үстел теннисі және 3х3 баскетбол ойындары өтуде. 1953 жылы негізі қаланған орталық Нанкиндегі ірі спорт кешендерінің бірі.

Нанкин спорт институты


Спортшылар даярлайтын институт кешені Нанкиннің шығысындағы Чжуншань аймағында орналасқан. Қазіргі таңда мұнда бадминтон мен теннистен медальдар сарапқа салынуда.

Нанкин каноэ мектебі


Бұл спорт кешенінің негізі 1956 жылы қаланған. 2005 жылы толықтай жөндеуден өткізілген. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында каноэ мен академиялық ескек есуден жарыстарды қабылдауда.

Лаошань


Лаошань мемлекеттік орман паркі Нанкиннің солтүстігінде орналасқан. Табиғаты тамаша аймақ жолдары қазіргі таңда велоспорт жарыстарын өткізуде.

Чжуньчан халықаралық гольф алаңы


Нанкиннің шығысында орналасқан кешен гольф ойындарын өткізуде.

Цзиньню көлі


Бұл көлдің аумағында желкенді қайық пен виндерсерфинг ойындары өтуде.

Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындары паркі


Жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарына арнайы салынған спорт кешенінде регби, жағажай волейболы, хоккей мен қысқа қашықтықтағы велоспорт ойындарынан медальдар сарапқа салынуда. Әр спорт түрлеріне арналған кешен 2000 жанкүйерді қабылдай алады.

Фаншань


Фаншань спорт кешенінде садақпен нысана көздеу бойынша жарыстар өтуде.

Цзяннин спорт кешені


Цзяннин спорт орталығы футбол мен гандбол ойындарын қабылдауда. Негізінен мұнда жергілікті университет студенттері жаттығу жұмыстарын жүргізеді.

ІІ жазғы Олимпиада ойындарына 28 спорт түрінен қатысып жатқан жасөспірімдер 14 спорт кешенінің маңындағы өзге де 21 спорт орталығында бағын сынауда. Әзірге Қазақстан құрамасы қоржынында бір алтын медаль бар. Жарыстың бірінші күні бұл жүлдені дзюдошы Бауыржан Жауынтаев иеленген болатын. Ал ел намысын қорғайтын спортшыларға 3 алтын, 3 күміс, 9 қола медаль жеңіп алу мақсаты қойылып отыр. Егер осы үддеден шығар болсақ, жалпыкомандалық есепте 15-20-шы орындар арасында көрінуге болады деп жоспарлануда. Ақжолтай жаңалықтармен біз сіздерді хабардар етіп отыратын боламыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:nanjing2014.org

О. Сансызбай