- Негізгі бет
- Нанкин 2014
- Нанкиндегі көрсеткішіміз көңілден...
Нанкиндегі көрсеткішіміз көңілден шыға ма?
Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 21-ші орынға тұрақтады.
Қытайдың күншығысында орналасқан Нанкин қаласындағы дода 16 тамыз күні басталған еді. Ел намысын қорғауға 21 спорт түрінен 51 спортшы аттанған-ды. Ал додаға әлемнің 201 мемлекетінен келген 3600-ден астам спортшы қатысты. 14 пен 18 жас арасындағы жасөспірімдер 28 спорт түрінен 184 медальдар жиынтығын сарапқа салды.
Негізінен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында жекелей сындағы спорт түрлерінде әр елге бес жолдамадан артық берілмейді. Бұл доданың басты ерекшелігі де – осы. Яғни, алпауыт елдер жас таланттар додасына үш таңбалы санды спортшылар апара алмайды деген сөз. Есесіне, жағдайлары жұпыны елдердің жеткіншектеріне де төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға қатысу мүмкіндігі туындайды.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсеке жоғарғы деңгейде өтті. Ашылу салтанатының өзі әлем жұртшылығының назарын аударды. «Аспан асты елі» бұл үддеден толықтай шықты деуге негіз бар.
Жасөспірімдер Олимпиадасының өткізіліп тұруында үлкен мән бар. Өйткені, бұл дода – талантты шыңдаудың алғашқы баспалдағы іспетті. Жас спортшылардың халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірбие жинақтау сынын басынан өткеріп, болашақ қарсыластарының қарымын байқауға мол септігін тигізеді. «Тұлпар тұяғын тай басар» демекші, бүгінгі Олимпиадада бақ сынаған спортшылардың көбі кейін де елінің намысын әлемдік ареналарда қорғауға бел буары анық. Мұны 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы І жазғы Олимпиада ойындарынан кейін де байқап жүрміз. Ал жалпы бұл доданы ұйымдастыруға Халықаралық Олимпиада Комитеті мұрындық болған. 2007 жылы Гватемалада өткен ХОК-тың 119-шы отырысында жасөспірімдер арасындағы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізу туралы бұйрыққа қол қойылған болатын.
Қазақстан құрамасы 2010 жылы Сингапурде өткен додаға 20 спорт түрінен 47 спортшы алып барды. Нәтижесінде 2 алтын, 2 күміс, 2 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 24-ші орынға тұрақтаған. Ал бүгін мәресіне жеткелі отырған жасөспірімдер Олимпиадасындағы көрсеткішіміз жоғары. Бірақ, «арық айтып, семіз шықты деуге» келмейді. Қазақстан о баста 3 алтын, 3 күміс, 9 қола алуды жоспарлаған еді. Бірақ, бұйырғаны 3 алтын, 1 күміс, 4 қола болды. Бұған да шүкіршілік дейміз. Бастысы, қазақ спортының айдарынан жел естіретін жас өрендеріміздің қарымын байқадық. Ендеше Нанкинде жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар жайлы айта отырайық.
Олимпиаданың бірінші күні қоржынымызға алтын медаль түсті. Дзюдодан 55 келіде бақ сынаған қызылордалық спортшы Бауыржан Жауынтаев топ жарып, жанкүйерлерді қуантты. Қазақстандық дзюдошы жарыс алдында-ақ жүлдеден үміт күткен спортыларымыздың бірі еді. Ол осыған дейін кадеттер арасында әлем чемпионы атағын да жеңіп алған болатын.
Еліміздің қоржынына жүлде салар бірден-бір спорт болса, ол – бокс. Нанкинде көк Туымызды көтеріп шыққан Абылайхан Жүсіпов ел үмітін ақтады. Қарағандылық жас өрен өнерін мамандар жоғары бағалауда. Келешекте де еліміздің көк Туын көтеріп барып, Әнұранын шарықтатады деп үміт күттіретін отандасымыздың болашағы зор. Осы жылы Болгарияда өткен Әлем чемпионатында да Абылайхан жеңіс тұғырынан көрінген болатын.
Қоржынымызға үшінші алтынды еркін күресте ел намысын қорғаған Мұхамбет Қуатбек салды. Олимпиада ойындарында жүлде бұйырмай жүрген спорт түрінен жас өрендеріміздің өсіп келе жатқаны қуантады.
Жалғыз күмісті бокстан 81 келіде Вадим Казаков еншіледі. Негізі, бұл жігіттің өнері алтынға лайық еді. Олимпиада алдындағы пресс-конференцияда Ермахан Ибрагимов Болгариядағы әлем чемпионатында күміс еншілеуін, жергілікті боксшы Благой Найденовқа төрешілер бүйрегі бұруымен түсіндірген еді. Нанкинде де төрешілер болгар боксшысына жеңісті берді. Бастысы Вадим бағындырар жетістігі алда екенін байқатты.
Әлемдік аренада ел қоржыны бос қайтпайтын спорт түрі бокспен қатар, ауыр атлетика бар. Бұл сында додаға қатысқан 4 спортшымыздың 2-еуі қола жүлде еншіледі. Ерлер арасында 77 келіде өнер көрсеткен Жасұлан Қалиев пен қыздар арасында 63 келіде Татьяна Капустина үшінші орыннан көрінді. Ал үміт артқан спортшымыз Михаил Макеев (69 келі) төртінші орынды қанағат тұтты.
Грек-рим күресінен 69 келіде белдескен Евгений Поливадов египеттік және өзбекстандық қарсыластарын алып ұрып, жартылай финалда әзірбайжандық Исламбек Дадовқа есе жіберіп алды. Қола жүлде үшін өткен тартыста атыраулық спортшы Германиядан келген Карен Мосебахтан басым түсті.
Қазақстандық көркем гимнастикамен айналысатын арулар да өздерінің өнерімен жұртты тамсандырды. Құрамында Әмина Қожахмет, Әлия Молдахметова, Виктория Гуслякова, Елизавета Майновская, Дарья Медведева, Нұрай Құмарова сынды спортшылар бар отандастарымыз Ресей мен Болгариядан ұтылып, Өзбекстан, Канада және Египеттен келген спортшыларды артқа тастап, қола жүлдені жеңіп алды.
№ | Мемлекет | Алтын | Күміс | Қола | Барлығы |
---|---|---|---|---|---|
1 | Кытай | 38 | 13 | 14 | 65 |
2 | Ресей | 27 | 19 | 11 | 57 |
3 | АҚШ | 10 | 5 | 7 | 22 |
4 | Франция | 8 | 3 | 9 | 20 |
5 | Жапония | 7 | 9 | 5 | 21 |
6 | Украина | 7 | 8 | 8 | 23 |
7 | Италия | 7 | 8 | 6 | 21 |
8 | Венгрия | 6 | 6 | 11 | 23 |
9 | Бразилия | 6 | 6 | 1 | 13 |
10 | Әзірбайжан | 5 | 6 | 1 | 12 |
11 | Ұлыбритания | 5 | 5 | 10 | 20 |
12 | Корея | 4 | 6 | 5 | 15 |
13 | Аустралия | 4 | 3 | 14 | 21 |
14 | Белорусь | 4 | 3 | 0 | 7 |
15 | Польша | 4 | 0 | 1 | 5 |
16 | Эфиопия | 3 | 3 | 2 | 8 |
17 | Таиланд | 3 | 2 | 3 | 8 |
18 | Литва | 3 | 2 | 2 | 7 |
19 | Тайвань | 3 | 2 | 2 | 7 |
20 | КХДР | 3 | 2 | 0 | 5 |
21 | Қазақстан | 3 | 1 | 4 | 8 |
22 | Хорватия | 3 | 1 | 1 | 5 |
23 | Ямайка | 3 | 1 | 0 | 4 |
24 | Иран | 3 | 0 | 3 | 6 |
25 | Германия | 2 | 8 | 16 | 26 |
26 | Болгария | 2 | 4 | 0 | 6 |
27 | Өзбекстан | 2 | 3 | 3 | 8 |
28 | Румыния | 2 | 3 | 0 | 5 |
29 | Армения | 2 | 2 | 3 | 7 |
30 | Словения | 2 | 2 | 3 | 7 |
31 | Кения | 2 | 2 | 1 | 5 |
32 | Испания | 2 | 1 | 6 | 9 |
33 | Египет | 2 | 1 | 5 | 8 |
34 | Жаңа Зеландия | 2 | 1 | 2 | 5 |
35 | Куба | 2 | 1 | 1 | 4 |
36 | Сингапур | 2 | 1 | 0 | 3 |
37 | Швейцария | 2 | 1 | 0 | 3 |
38 | Нидерланды | 1 | 4 | 5 | 10 |
39 | Түркия | 1 | 3 | 6 | 10 |
40 | Чехия | 1 | 3 | 3 | 7 |
41 | Аргентина | 1 | 2 | 4 | 7 |
42 | Швеция | 1 | 2 | 3 | 6 |
43 | Молдова | 1 | 1 | 1 | 3 |
44 | Вьетнам | 1 | 1 | 0 | 2 |
45 | Норвегия | 1 | 0 | 3 | 4 |
46 | Колумбия | 1 | 0 | 2 | 3 |
47 | Австрия | 1 | 0 | 1 | 2 |
48 | Перу | 1 | 0 | 1 | 2 |
49 | Гана | 1 | 0 | 0 | 1 |
50 | Замбия | 1 | 0 | 0 | 1 |
51 | Суринам | 1 | 0 | 0 | 1 |
52 | ОАР | 1 | 0 | 0 | 1 |
53 | Венесуэла | 0 | 6 | 2 | 8 |
54 | Мексика | 0 | 5 | 6 | 11 |
55 | Канада | 0 | 4 | 3 | 7 |
56 | Гонконг | 0 | 4 | 1 | 5 |
57 | Бельгия | 0 | 2 | 4 | 6 |
58 | Грузия | 0 | 2 | 1 | 3 |
59 | Ирландия | 0 | 2 | 1 | 3 |
60 | Словакия | 0 | 2 | 1 | 3 |
61 | Ботсвана | 0 | 2 | 0 | 2 |
62 | Грекия | 0 | 2 | 0 | 2 |
63 | Дания | 0 | 1 | 3 | 4 |
64 | Бахрейн | 0 | 1 | 1 | 2 |
65 | Үндістан | 0 | 1 | 1 | 2 |
66 | Малайзия | 0 | 1 | 1 | 2 |
67 | Португалия | 0 | 1 | 1 | 2 |
68 | Тринидад және Тобаго | 0 | 1 | 1 | 2 |
69 | Тунис | 0 | 1 | 1 | 2 |
70 | Босния және Герцеговина | 0 | 1 | 0 | 1 |
71 | Бурунди | 0 | 1 | 0 | 1 |
72 | Доминикан Республикасы | 0 | 1 | 0 | 1 |
73 | Кипр | 0 | 1 | 0 | 1 |
74 | Қырғыстан | 0 | 1 | 0 | 1 |
75 | Моңғолия | 0 | 1 | 0 | 1 |
76 | Сальвадор | 0 | 1 | 0 | 1 |
77 | Сербия | 0 | 1 | 0 | 1 |
78 | Уганда | 0 | 1 | 0 | 1 |
79 | Багам аралдары | 0 | 0 | 2 | 2 |
80 | Гренада | 0 | 0 | 1 | 1 |
81 | Джибути | 0 | 0 | 1 | 1 |
82 | Индонезия | 0 | 0 | 1 | 1 |
83 | Ирак | 0 | 0 | 1 | 1 |
84 | Исландия | 0 | 0 | 1 | 1 |
85 | Латвия | 0 | 0 | 1 | 1 |
86 | Марокко | 0 | 0 | 1 | 1 |
87 | Фиджи | 0 | 0 | 1 | 1 |
Нанкин жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарын да шығарып салды. Жалпыкомандалық есепте «аспан асты елі» 38 алтын, 13 күміс, 14 қоламен көш тізгінін бермеді. Екінші орынға 27 алтын, 19 күміс, 11 қоламен Ресей құрамасы жайғасса, үштікті 10 алтын, 5 күміс, 7 қоламен АҚШ құрамасы қорытындылады. Келесі жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындары 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтеді.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: alaman.kz, nanjing2014.com
О. Сансызбай