Қазақстан қоржынына екінші қола түсті

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 63 келіде бақ сынаған Татьяна Капустина Қазақстан қоржынына екінші қола жүлдені салды.

Қоссайыс қорытындысында 228 келіні (жұлқа көтеруде-105 келі, серпе көтеруде -123 келі) бағындырған қазақстандық спортшы қола жүлдені қанағат тұтты. Күміс алған ресейлік спортшы Светлана Щербаковамен нәтижелері тең болған. Бірақ, салмақ көрсеткіштері бойынша күміс қарсыласына бұйырды. Ал алтын жүлдені тайландтық Дуанганксорн Чайди иеленді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін дзюдодан Бауыржан Жауынтаев алтыннан алқа тақса, ауыр атлетикадан Жасұлан Қалиев қоржынға қола жүлде салған болатын. Ал о баста ел құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 9 қола жүлдені жеңіп алуды жоспарлаған болатын. Еліміз сенім артып отырған бокс пен күрестен қазақстандық спортшылар ертең жарыс жолына шығатын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Cурет: alaman.kz