Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан 60 келіде финалға шыққан Абылайхан Жүсіпов кубалық Лимонта Буда Аленадан басым түсіп, алтыннан алқа тақты.
Бірінші раундтан бастап шабуылда өнер көрсету жүйесін ұстанған жерлесіміз белсенді қимылдай бастады. Бірнеше соққылары дөп тиді. Алайда екінші райундта кубалық боксшы да осал емес екенін танытты. Қатарынан сілтеген бірнеше соққысы қарсылас еншісіне ұпай жазды. Үшінші раундта қорғанысты да баса назарға алып, ұрымтал тұсын күткен Абылайхан қарсыласына бірнеше соққысын дарытты. Нәтижесінде еліміздің Туын алып шыққан боксшымыз ел үмітін ақтады.
Астана уақытымен сағат 14:30-да шаршы алаңға 81 келіде өнер көрсететін өреніміз Вадим Казаков көтеріледі. Ол Олимпиада чемпионы атағы үшін болгариялық боксшы Благой Найденовпен жұдырықтасатын болады. Сонымен қатар, сағат 16:06-да еркін күрестен Мұхамбет Қуатбек америкалық Датон Фикспен алтын жүлде үшін белдеседі. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін дзюдодан Бауыржан Жауынтаев алтыннан алқа тақса, ауыр атлетикадан Жасұлан Қалиев, Татьяна Капустина және грек-рим күресінен Евгений Поливадов қоржынға қола жүлделер салған болатын. Ал о баста ел құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 9 қола жүлдені жеңіп алуды жоспарлаған болатын.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет:sports.kz