21 наурыз. Кеш. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қалың жұрт жиналды. Оның себебі: Тенгри ФМ радиосының туған күніне 2 жыл толуына байлынысты Ресей рок жұлдызы Земфираның жеке концертінің ұйымдастырылуы. Земфираны көруге бірнеше мың адам жиналды. Концерт техникалық ақаулықтардың кесірінен бір сағатқа шегеріледі деген сыбыс рас болып шыққанымен, Земфираның жанкүйерлері қайтуға асықпады.
Бұл күнгі кеште Алматыға Земфираның жанкүйерлері мен жай ғана рок жанрындағы музыка сүйер қауым жиналып, зал ерекше бір әдемі әсерге бөленді. Қатарынан бірнеше ән шырқаған жұлдызға бір жанкүйер гүл шоғын сыйлағын. Сыйлаған гүл матадан жасалынған болып шықты. Сонда Земфира былай депті: "Маған неге жасанды гүл сыйлап тұрсыз? Гүл тірі болуы керек". Зал Земфираны толықтай қолдап, қошеметтерін аямады. Земфира өз сөзінде қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, барша халықтың амандығын тіледі.
Кейін Земфира "Хочешь" әнін шырқап, залдың ыстық махаббат сезіміне бөленді. Расында да жанкүйерлер осы әнді күткендей болды. Осы әннен кейін зал "тірілгендей" болды. Бір сағат ән шырқаған Земфира сахнадан кетіп қалды. Жұрт та қайтуға жинала бастағанымен, жұлдыздың нағыз жанкүйерлерінде ондай ой болмағандай. Олар "Земфира", "Земфира" деп айқайлап, жұлдызды сахнаға шақырды. Сәлден соң, Земфира сахнаға қайта оралып, концертін жалғастырды. Жанкүйерлер сәл тынышталғандай болды.
"Әлі де сіздермен бірге қауышатынымызға сенемін. Алма қаласы, рахмет саған"- деді рок жұлдызы.
Сурет: massaget.kz