Шілденің 23-і күні Латвияның Юрмала қаласында жас орындаушылардың дәстүрлі «Новая волна» халықаралық байқауы басталады. Онда Қазақстанның атынан әнші ADAM бақ сынап, Мұқағалидің сөзіне жазылған әнді орындайды.
Еліміздегі көрермендер үшін байқауды оңаша трансляциялау құқығын иеленген «Жетінші арна» өкілдерінің хабарлауынша, 23-28 шілде аралығында өтетін ХІІ халықаралық байқауға дүниежүзі бойынша 15 орындаушы қатысқалы отыр. «Дзинтари» концерттік залындағы үш күн ішінде сайыскерлер әлемдік туындыларды, өз елінің хиттері мен жаңа авторлық әндерін орындайды.
Байқаудың еліміздегі іріктеу сынында жолдаманы жас әнші ADAM жеңіп алған болатын. Ол этнорок және джаз стилінде өнер көрсетеді. «Лайықты музыкалық репертуар таңдау мәселесін шештік. Біздің жағдайымызда ән өз орындаушысын тапты. ADAM-ның жанры өте күрделі, сондықтан да оның диапазонын кез келген ән аша алмайды. Бізге әнші, композитор Құрмаш Маханов лайықты ән тауып берді. Ол - Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Гүлістан» әні. Осы әнмен ADAM халықаралық байқауда ел намысын қорғамақ. Жүлделі бірінші орын бізге бұйырады деп үміттенеміз», - дейді әншінің продюсері Динара Адам. Қазақстандықтар үш күн бойы өз сайыскерінің өнерін қадағалап, оған жанкүйер бола алады.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров