Латвияның курорт-қаласы Юрмалада «Жаңа толқын-2014» XIII Халықаралық музыка байқауының ашылу салтанаты болып өтті деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Әр елден келген қатысушылардың байқаудың бірінші күнінде өнер көрсететін реттік нөмірін таратуда қазақстандық қатысушы Әлішер Каримовқа «Дискотека Авария» тобы 16-шы, яғни ең соңғы кезекті таңдап берді. «Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирде бұл байқауды жүргізген журналист Асхат Садырбай әнші продюсері Алтынбек Рахметов хабарласып, Әлішердің осы реттік нөмірде өнер көрсеткенін өзі де қалайтынын айтқанын жеткізді.
Ашылу салтанатында Скандинавиядан келген арнайы қонақ Ула Свенссон, Александр Буйнов, Валерий Леонтев, Николай Басков, Полина Гагарина, Сергей Лазарев, Иван Дорн, «Дискотека авария» тобы, Нюша, Доминик Джокер, Ирина Дубцова сияқты әншілер ән айтты. Сонымен қатар, алдыңғы жылдардағы байқау жеңімпаздары өнер көрсетті.
Биылғы музыка бәйгесіне әлемнің 13 елінен 16 қатысушы келіп отыр. Байқау өтетін «Дзинтари» концерттік залының ашық алаңы 30 мыңға жуық көрермен жинады.
Ресейдің халық әртісі, сазгер Игорь Крутой «Жаңа толқын-2014» байқауында әдеттегідей қазылар алқасының төрағасы. Қазылар алқасының құрамында Игорь Николаев, Лайма Вайкуле, Леонид Агутин, Валерия, Валерий Меладзе және Константин Меладзелер бар. Ал бұл топқа Ресейдің халық әртісі Филипп Киркоровтың қосылуы жаңалық болып отыр.
Ескерте кетсек, дәл осы қазылар алқасының мүшелеріне қатысты дау шыққан болатын. Латвияның сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевич Украинадағы жағдайға байланысты ресейлік үш мәдениет қайраткеріне нон грата жариялаған болатын. Олар Олег Газманов, Иосиф Кобзон және жұртшылыққа Валерия есімімен таныс Алла Перфилова. Бұл үш эстрада әншілері белгісіз бір уақытқа дейін Латвия аумағына кіре алмайды. Бұған қатысты Валерияның продюсері Иосиф Пригожин өз пікірін былай жеткізді: «Біріншіден, ол Алла Перфилова емес, Валерия. Құжат бойынша. Егер Алла Перфиловаға ел аумағына кіруге болмайтын болса, Валерия кіре алады. Мұны сыртқы істер министрі біліп алсын». Латвияның Ішкі істер министрлігінің басшысы Рихардс Козловскис ресейлік әртістерді ешкім де қуып шықпайтынын айтты. Оның сөзінше, қазылар алқасындағы адамдарына бұл елде нон гранта жарияланғандықтан, олардың бұл елде болуына тек бірнеше күндік уақыты бар. Яғни, Валерия байқау біткен соң дереу ел территориясынан шығуы тиіс.
Бұл мәселеге қатысты байқау ұйымдастырушылары әзірше пікір білдірмейтіндіктерін айтқан. Байқаудың бас директоры Александр Румянцев бұған қатысты тек байқау аяқталған соң пікір білдіретін болды.
Фестиваль 27 шілдеге дейін жалғасады. Ертең, байқаудың бірінші күні қатысушылар әлемдік хит орындаса, екінші күні өз елінің әнін ұсынады. Ал үшінші күні қатысушылар байқауға дайындап әкелген әндерін қазылар алқасына ұсынатын болады. Байқау қорытындысында басты сыйлықтар – үш «Хрустальды толқын» мен ақшалай сыйлықтар, көрермен көзайымының сыйлықтары табысталады.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: ria.ru