Воркутаның сары аяз бүріккен сұрғылт аспанын сол күні Абылдың күйлері шарлап кетті. Оның соңы Маңғыстаудың асқақ рух атойлаған жорық жырларына жалғасып, ескі барақта жаурап отырған жігіттер «Ел айрылғанды» тыңдап барып үнсіз қалысты. Күйді тартып отырған Қарақия дөңінің Адайы, Өскенбайдың өнерпаз баласы Мұрат еді...
Иә, сол Мұрат, Мұрат Өскенбаев, дәулескер күйші, ақын, композитор, 1954-1960 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясында домбырашы болған, репертуарына түрлі тақырыпта 300-ге жуық күй енген, ондаған күйдің авторы, жыршы Өскенбаев.
* * *
Редакциямыздың есігін сыпайы ғана қағып ішке енген ағамыз амандық-саулықтан соң «Есімім Таңатқан Жармұхамедов болады. Сіздермен ақылдасып, әкемнен естіген, кейін өзім куә болған ескі әңгімені газетке жазғым келеді. Отыз жетінің ойраны кімді сергелдеңге салмады...» деп баянын бастап кетпегенде жоғарыдағы Мұрат Өскенбаевтың мұрасы жайлы, оның репрессия құрығына ілігіп он жылға Воркута лагерінде жазасын өтегенін білмей де кететін бе едік, кім біледі? Кейін күйші туралы мәліметтер жинастыра келе, оның үлкен өнерпаз, кеңестік тар жол, тайғақ кешуді әбден шиырлаған тағдырлы тұлға екенін түсіндік. Мұны даңқты домбырашының «Аманат» атты кітабына алғысөз жазған Ибұлла Сариев те «Ақын өмірінде қилы-қиын кездер көп болды. Сондықтан да ол «жасымның жартысы қыс» деп өзі көрген азабы мол жылдарды меңзейтін секілді» деп талайлы тағдыр иесінің өткен өмірін ашып айтпаса да астарлап өтеді. Бұл ретте Мұрат мұрасы әлі де жаңа қырынан жас ұрпаққа жазылып, айтылуы керек деп ойлаймыз. Әзірге, редакциямызға келген қонағымыздың әңгімесіне назар аударғымыз келеді.
Таңатқан ағамыз жайлы азғантай айтып өтсек, Қарт Қостанайдың Байғабыл қолтығында дүниеге келген әңгімешіл зерек жан екен. Бұйығы жатқан момақан ауылы, ондағы адал еңбегімен ғана нәсібін теріп, ешкімнің ала жібін аттамайтын аңғал қазақтар жайлы айтып келіп, сол ауылдың шеткері қонған қараша үйінің біріне, Жармұхаммед Бекібаев есімді азаматтың, яғни өздерінің шап-шағын шаңырағына бізді білдіртпей кіргізіп кеп жіберді.
* * *
– Міне, – деді радиодан беріліп жатқан кешкі концерттің күйшісін хабарлаған бетте Жармұхаммед әке үй-ішінің бәріне тыңда дегендей.
– Еее, асыл Мұрат, азамат Мұрат, бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой, күйіңді тартып жүр екенсің ғой, – деген Жармұхаммед әкенің екі көзі дымданып, жасаурап сала береді.
Балалар ол кім, әкеміз неге жылап отыр дегендей аналарына қарайды. Анасы да кемсеңдеп отыр. Иегімен әкелерін нұсқап, өзі айтады дегендей ишара білдіреді. Әкелері болса терең ойға батып, бір нүктеден көз алмай біраз отырып барып, селк ете түскендей есін жинап, ауыр күрсініп сөйлеп кетеді (бұл шамамен 1962 немесе 1963 жылдардың мұғдары болса керек):
«1937 жылы Итжеккенде «Воркута – Котлас» темір жолын салдық. Солтүстік Двина өзенінен әйдік көпір тұрғыздық. Сол тар жол, тайғақ кешуде қазақ азаматтары өте көп едік. Жалпы саны 250 мың адамға дейін жазасын өтеген лагерьге бізбен бірге айдауда болғандардың көбісі сол қиырда жан тапсырды. Дәм-тұзымыз таусылмағандар аман-есен елге оралдық. Бұл өмірде бар ма, жоқ па деп жүруші едім, мына күй тартып жатқан Мұрат Өскенбаев та сол жерде арамызда болған азамат еді. Өте талантты күйші, ғажап өнерпаз жігіт. Мұраттың да бар кінәсі – Маңғыстау жағындағы бай тұқымынан шыққан күйшілердің шығармаларын насихаттағаны үшін нақақ 10 жылға сотталған болатын.
Салалы саусақтары ерекше жаратылған Мұратты бірден ортамызға тарттық. Өнерлі азаматты тұтқындағы жігіттердің бәрі қолдай кетті. «Мұрат, сен саусағыңды сақта, жұмыс ауыр, одан да шаршап келген бізді сол саусақтарың сауып берер күймен жұбат», деп ол атқаратын еңбекті жігіттер бөлісіп алдық. Мен қарағайдан домбыра шауып бердім. Аспапқа «Қара домбыра» деп ат та қойып алдық. Өзіміз тұрғызған барақта отырып осы күйлерді тыңдайтын едік», дейді Таңатқанның әкесі Жармұхаммед.
Кейін жазасын өтегендер жайлап елге орала бастайды. Жармұхаммед те сол жерде жігіттермен қош айтысып, елге қайтады. Досы қарағайдан шауып берген қара домбыраны құшақтап Мұрат сонда қалса керек. Жармұхаммед елге келуін келгенмен жігіттерді ойлап, Мұрат досының не өлі, не тірі екенін білмей ішқұса болып жүргенде, әлгіндегі радиодан есімін естіп егіледі ғой.
Ең қызығы, ширек ғасырдай уақыт өткенде Байғабыл ауылына «Қазақконцерт» келді деген бір күні хабар жетеді. Концертке Жармұхаммедтің жұбайы Зылиха мен қызы Жұпар барады. Небір өнерпаздар сахнаға шыға бастайды. Бір кезде жүргізуші атақ-дәрежесін айтып келіп «Келесі болып сахнаға шығатын күйші Мұрат Өскенбаев» деп хабарласа керек. Қуанып кеткен Зылиха қызына: – Жұпар-ау, бұл кісі әкең ылғи айтып отыратын күйші кісі, – деп ұшып кете жаздайды. Дереу үйіне жүгіріп, жолдасы Жармұхаммедке хабарлайды.
Жалма-жан жүгірген Жармұхаммед ағасы Ақмұхаммедтің өнерге жақын ұлы Жақсылықтан әлгі қонақтардың қайда тоқтағанын сұрайды. Жақсылық қонақтардың ауыл директоры Сағидолла Мусиннің үйінде екенін айтады. Жармұхаммедтің төргі үйге жеткенше жүрегі атқақтап кетеді. Жиырма бес жылдан кейінгі жүздесу. Қиын-қыстау кезеңді қатар өткерген бауыры, қаны да, жаны да туыс ең абзал адамды аман-есен ауылында көру қандай ғанибет?!
Не керек, екеуі анда шұрқырасып табысады. Еңіреген құшақтар ебіл-дебіл айқасады. Амандық-саулық сұрасады. Сол күні Жармұхаммед Мұратқа таң атқанша күй тартқызыпты. «Ана күйді тартшы, мына күйді тартшы» деп әлі де тартылуға тыйым салынған күйлерді күңірентсе керек. Сонда шамамен алпысыншы жылдардың өзінде Кеңес билігінің құрығы өнер адамдарын аңдып тұрған болып тұр ғой.
* * *
Бұл оқиғалар кезінде Таңатқан ағамыз оқуда болса керек. Кейін барлығын естіп, Мұрат ағасын көре алмай қалғанына қатты өкініпті. Кейін үйленіп, жұмыс бабымен (Кеңес өкімет құламаған кез) Ақтауға барғанда, күйшінің аталас бауырлары Арал, Алаш есімді ұлдардың әкесінен өнерпаз туралы тағы да естіп, біледі. Ол ақсақалдың айтуынша, Мұрат Өскенбаевтан бір қыз бала қалса керек. Жалғыз ұрпағы Жаңаөзен жағында тұрады деп естиді. Алайда барып танысуға Таңатқанда уақыт тапшы болады...
Ағамыздың редакциямызға келгендегі ендігі мақсаты сол, Мұрат Өскенбаевтан тараған ұрпақтар осы мақаланы оқып, кері байланысқа шықса, солардан әлгі қара домбыраның қазіргі хал-жағдайын білгісі келеді екен. Өнерпаз жайлы басқа да тың деректер тапқысы келетінін де жасырмайды. Бір сөзінде Алматыдағы Халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырған болуы да ғажап емес деп жорамалдайды. Бертінге дейін сақталып келген құнды жәдігерді ешкім лақтыра салмаған шығар деп үміттенеді.
Қазақ КСР Ғылым академиясына халық қиссаларын, көптеген өсиет, терме, жырлар топтамаларын тапсырған Мұрат Өскенбаев өзімен қиын-қыстау кезеңде айрылмас серік болған қара домбыраны да қастерлеп біреуге аманат еткен болар деп біз де үміттенеміз.
Жоғарыда айтып өткен «Аманат» кітабына жазылған алғысөзде де: «1981 жылдың жазында Маңғыстаудағы Мұрат Өскенбаевқа әдейілеп іздеп барғанбыз. Ақын үйі қаланың күнбатыс жағынан салынған жаңа поселкеде көп шатырлы көрікті үйлердің қалың ортасында екен. Қыстау жанында күмбірлеген киіз үй тігулі тұр. Ірге түрулі. Қаншама естісек те жалықтырмас өнерді тамашалап, сол күні өрелі өнерпаз қасында қас қарайғанша отырып қалыппыз. Бір сәт күйші, іргеден, қара чемоданнан бір бума қағаз, өзінің төл туынды, өлең-жырларын алып көрсетті. «Мынау менің өлгеннен соң артымда қалар дүниелерімнің бірсыпырасы», деген еді. Соларды іріктеп қалың көпшілікке қайта ұсынуды борыш деп білдік», деп жазылған.
Біздің ойымызша, сол жырлардың, сол көне күйлердің көбі әлгі Воркута қарағайынан Жармұхаммед Бекібаев шапқан қара домбырамен орындалған болуы да ғажап емес. Тіпті сол аспап табылар, табылмас, мәселе, құнды жәдігерді іздеп, талай қасіретті тағдырлар мен жаралы жүректерді сазбен сүйеген қастерлі қу тақтайды жоқтап, қанды тарихты қайта бір есімізге түсірген Таңатқан ағаның тап-таза болмысының бізді толқытып кеткені болды.