Тура 24 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 24 маусым күні аты аңызға айналған әнші Виктор Цой Мәскеуде ең соңғы концертін берді. Виктор Цойдың жеке орындауында және "Кино" тобының шырқауындағы туындыларды Лужники стадионына жиналған халық ерекше ықыласпен тыңдаған еді. Ол былай тұрсын концерт нағыз аншлаг туғызып, залға кіре алмай қалғандар өте көп болды.
Концерттен соң Цой гитарист Юрий Каспарянмен бірге Юрмалаға барып, сонда жаңа альбомның әндерін жазуға кіріседі. Сол кезде жазылған әндер Цой өмірден өткеннен кейін жарыққа шыққан "Қара альбом" атты дискіде жарық көрді.
Виктор Цой дене шынықтыру мұғалімі Валентина Васильевна мен инженер Роберт Масимовиячтің отбасында 21 маусым 1962 жылы дүниеге келген. Отбасында жалғыз бала болған Цой 1974-1977 жылдары өнер мектебінде тәлім алады және осы жерде Максим Пашковтың бастамасымен "Палата №6" тобын құрады. Жастайынан Михаил Боярский мен Владимир Высоцкийге бас иген, кейінірек Брюс Лидің өнерін құрмет тұтып, оның имиджіне еліктеді.
Цой мен "Кино" әлі де танымал және мыңдаған тыңдарманның жүрегінде. Олай болса, Цойдың әңгіменің арқауы болып отырған соңғы концертін назарларыңызға ұсынамыз:
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Cn88lY1ETgY&feature","width":"450","height":"255"});
Дайындаған: Елбарыс Махамбет
сурет: www.liveinternet.ru