- Негізгі бет
- Музыка
- «Ұлы дала мұрасы»...
«Ұлы дала мұрасы»
Ұлттық кәсіби музыка өнеріміздің қарашаңырағы Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы, Дүниежүзілік және Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Халықтар достығы» орденді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі 2016 жылдың 23 қарашасы күні тұңғыш рет Республика Сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және Алматы қаласының 1000 жылдығына арнаған «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік концертін өткізеді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде биік белестерді бағындырып, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Оркестр ұжымы осы концертін ел тарихында орын алған Тәуелсіздік мерекесіне және мәдени астанамыз болған Алматы шаһарының 1000 жылдығына арнап отыр. Екі бөлімге құрылған концерттің шымылдығы төл шығармалармен ашылып, екінші бөлімі классикалық шығармалармен жалғасын табады. Концерттің ерекшелігі классикалық шығармалардың қазақ оркестрімен орындалуында.
«Ұлы дала мұрасы» деп аталатын 83-ші концерттік маусымның ашылу салтанатына дәстүрлі әншілік мектептің өкілдері - Нұржамал Үсенбаева, Сәуле Жанпейісова, Ерлан Рысқали, дәстүрлі күйшілік мектептің өкілдері - Тұрар Әліпбаев, Біләл Ысқақов, Батыржан Мықтыбаев, Нұржан Жанпейісов, Сабира Бибатырова, Халықаралық конкурстардың лауреаттары - Ақайша Жұрбай, Асел Рақымжан, Фархат Кубиев, Дулат Тоқанов, Азамат Малышев, Гүлнұр Көшенова және А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатының балалар хоры қатысады.
Оркестрдің бас дирижеры, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері – Арман Жүдебаев, дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Жанас Бекентұров, ҚР мәдениет қайраткері - Жексен Айсын.
Концертті ҚР мәдениет қайраткері Тұрарбек Хайралиев және Қымбат Досжан жүргізеді.
Н. Айдархан