Әлемге дара таланттарымен әйгілі Қазақ ұлттық өнер университеті биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне ерекше тарту дайындады. 170 адамнан тұратын шығармашылық топ Түркияға 4 күндік гастрольдік сапармен келіп, Ыстамбұл мен Анкара қалаларында естен кетпес мерекелік концерт қойды.
Қазақ ұлттық өнер университетінің Тұңғыш Президент күніне орай арнайы ұйымдастырған Ыстамбұлдағы мерекелік концертіне түріктің танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, халықаралық ұйымның жетекшілері мен қазақ әні десе ішкен асын жерге қоятын ыстамбұлдық өнерсүйер қауым түгел жиылды. Концерттік бағдарлама еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктері мен Елбасының сіңірген ерен еңбегіне арналған бейнероликті тамашалаудан басталды. Ал сахна шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан «Мереке» биімен түрілді.
Азамат Жылтыркөзов, опера әншісі: - Біріншіден, Тұңғыш Президент Елбасымыздың мерекесі 1 желтоқсан күніне арналып отырған концерт. Екіншіден, алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне де арналып отыр. Түркияға қазақ өнерін таныстыруға жиі келеміз. Қазақстанның мәдениет күндері де өтті. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің өсіп келе жатқан жастарын алып келіп отырмыз.
Сәлебек Асылхан, концерттің режиссері: - Президент атындағы күннің мерекесін Қазақ ұлттық өнер университеті салтанатты түрде мерекелік концертпен атап өткелі отырмыз. Сондықтан бұл – біз үшін жүрегімізге сәулелі нұрын шашқан күн. Жеріміз қашықта болғанымен көңіліміз бір, қуанышымыз бір деп халыққа мереке ала келдік.
Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде «Шабыт» домбырашылар ансамблі мен халық аспаптар оркестрі қазақтың ең үздік деп танылған төл шығармаларын орындады. Әсіресе жиылған көпшілік домбыраның құлағында ойнайтын жас өнерпаздардың күй шашуына ерекше тәнті болды. Сондай-ақ репертуарында 100-ден астам шығармасы бар, әлемге енді танылып келе жатқан жас жұлдыз, композитор-пианист Рахат-Би Әбдісағинның орындау шеберлігіне өнерсүйер қауым зор қошемет көрсетті. Сондай-ақ бүгінгі кеште әлемдік классикадан Россидің «Каватино Фигаро», Шарль-Камиль Сен Санстың «Ронда каприччиозасы» да шырқалды. Ыстамбұлдың өнерсүйер қауымын қуанышқа бөлеген Қазақ ұлттық өнер университенінің мерекелік концерті бүгін кешке Анкарада жалғасады. Ал одан соң өнер ұжымы желтоқсанның 3-і күні гастрольдік сапармен Үндістанға барады.
Тұңғыш Президент күні бауырлас ел Түркияда жыл сайын кең көлемде тойланады. Әдетте мерекеге орай зиялы қауым өкілдері мен белгілі саясаткерлердің қатысуымен әртүрлі конференциялар, алқалы жиындар өтетін. Ал биыл Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы ыстамбұлдық күллі өнерсүйер қауымға ұмытылмас кеш сыйлады. «Құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйден» соң концертке жиылған көпшілік бүкіл қазақ халқын мейраммен құттықтап, ақжарма тілектерін жаудырды.
Дереккөз: 24.kz