"Туған елім" - патриоттық бағытта жазылған ән

"Туған елім" - патриоттық бағытта жазылған ән
Фото: Maxim Zolotukhin

«Үркер» тобының орындауындағы «Туған елім» әні тек Қазақстанда ғана, әлемнің өзге мемлекеттерінде бірнеше мәрте орындалған патриоттық әндердің бірі. Ән әуенін топ көшбасшысы, әнші-сазгер Айдос Сағатов, ал мәтінін белгілі ақын-драматург Исраил Сапарбай жазған.

2000 жылы Айдос Сағатов патриоттық ән жазуға бел буады. Ол қазақ халқының ертеңгі мен бүгінгісін көрсететін, қайсарлық пен жігерлігін айқындайтын ән жазуды көздейді. Ән тыңдарман қауымның рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятатын болуы керек деп шешеді. Көп ұзамай ән әуені дайын болады. Сазгер ақын Исраил Сапарбайға жолығып, ән мәтінін жазып беруін сұрайды. Әннің шығу тарихымен таныстырады. Мәтіннің қандай бағытта жазылу керектігін айтады. Ақын інісінің базынасын түсініп, бірнеше күннен кейін ән мәтінін дайындап береді.

Мәтін дайын болған соң, оны жаздырып, домбыра сазымен әрлендіреді. Әндегі домбыра партиясын белгілі домбырашы Асылбек Еңсепов орындаған. Дайын әнді «Туған елім» деп атаған соң, топ мүшелері Ташкент қаласына барып бейнебаян түсіреді. Өзбекстандық режиссерлерге әннің туған елге арналғанын айтып, бейнебаян қазақ халқын бірлікке, өмірді бағалауға шақыратын туынды болу керектігін түсіндіреді. Екі жақ ақылдаса келе, өзбек актерлері түскен бейнебаянда адамның өмір сүру кезеңі мен туған жердің құдіретін көрсету керек деген шешімге келеді.

«Туған елім» әні 2000 жылдардың басында жазылып, «Үркер» тобының 2002 жылы жарыққа шыққан «MADE ІN  KAZAKHSTAN» атты күйтабағына енді.

Туған елім

 Әнін жазған: Айдос Сағатов
Сөзін жазған: Исраил Сапарбай
Орындаушысы: «Үркер» тобы 

Ахау,  туған  елім,  буған  белін  ертеңге,
Ахау,  көкке  самға,  көштен  қалма,  өркенде.
Ай біріксең  - алыпсың,
Ай қаһарман  халықсың! 

Ахау  келді  кезің,
Көрді  көзің  талайды.
Ахау  болғай  енді,
Болашағың  арайлы.
Ау  азатсың,  еркінсің,
Ау  Антымсың,  сертімсің!

 Қайырмасы:    

Жайлауым - ай,
Тауларың - ай,
Бауларың - ай!
Қайнарым - ай, айдарым - ай  менің!

(2 рет) 

Ахау,  Қазақ  атың
Азаматың  ақтайды.
Ахау  дана  халқым
Баба  салтың  сақтайды.
Ай  ежелгі  Тұрансың,
Ай  бүгінгі Қырансың!

 Қайырмасы:  

Жайлауым - ай,
Тауларың - ай,
Бауларың - ай!
Қайнарым - ай, айдарым - ай  менің!

(2 рет)

Ғ. Ұзақ