Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Бақытжан Жұмаділов, Мұрат Құсайынов, Досым Сүлеев т.с.с жас өнерпаздардан құралып, кейін аты Кеңес Одағында ғана емес, күллі әлемге танылған «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Той жыры» әнінсіз бірде-бір той өтпейтіні хақ. Қазақтың дәстүрлі «Жар-Жар» әнінен кейін әр той төрінде шырқалатын «Той жыры» әні кеңінен танымал болғанымен, оның тарихына тереңнен бойламаған көпшілік оның беймәлім тұстарын біле бермейді.
«Той жыры» әні 1970 жылы дүниеге келген. Әннің әуенін Досым Сүлеев, ал сөзін Ұлықпан Сыдықов жазған. Топ мүшелерінің ішінде алғашқы болып Мұрат Құсайынов отау құрып, бір айдан кейін той жасайтын болды. Жігіттер өзара ақылдаса келе, тойға тарту ретінде ән жазып, сыйлайық деп шешеді. Алайда, айтылған бұл сөз ұмытылып кетіп, жігіттер той болатын күні бірақ ән жазуға кіріседі. Ұлықпан сөзін ажзып, Досым әуенін жазуға кіріседі. Жарты сағат ішінде ән жазылып, ол «Той үстінде» деген атаумен тойда шырқалады.
Ән авторы - Досым Сүлеев
Ансамбль жыл сайын өз репертуарын жаңартып отыруы керек. Кезекті бір бас қосқанда топ мүшелері тойға жазылған әнді естеріне түсіріп, жаңадан әрлейді. Әнді қайта жаздырып, «Той жыры» деп сахнаға алып шығады. Халық жаңа әнді жылы қабылдап, «Той жыры» ел арасында кеңінен тарап кетеді.
Ән мәтінінің авторы - Ұлықпан Сыдықов
Жаңа әнге ыстық лебіздермен бірге, халық арасында «Бұл ән - ескі ән», «Ескі әнді жаңадан шырқап жүр» т.с.с. түрлі қауесет сөздер қаптап кетеді. Кейін ансамбль мүшелері әнді авторлардың құқығын қорғайтын басқармаға барып, заңды түрде растап алады. Ел ішінде әннің таралғаны соншалықты, «Той жыры» Одақ көлемiнде орындала бастайды. Ән мәтінін орыс тіліне аударып, шырқай бастады. Ал грузин халқы әнді түпнұсқада, яғни қазақ тілінде орындайтын.
Дүниеге келгеніне қырық жылдан аса уақыт өтсе де, ән өз өзектілігін жоғалтпай, әр қуанышта ерекше ықыласпен шырқалуда. Талай жастардың қуанышына куә болған «Той жыры» қазақ әнінің тарихында алтын әріппен жазылатын туынды болып қала береді.
Той жыры
Әнін жазған: Досым Сүлеев
Сөзін жазған: Ұлықпан Сыдықов
Орындаушысы: «Дос-Мұқасан» ансамблі
Махаббаттың құдірет күші әлдилеп,
Екі жастың табыстырған жүрегін.
Жастық жалын, асыл арман, ақ ниет,
Бақыт сыйлап ұсыныпты гүлдерін.
Қайырмасы:
Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер,
Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдер!
Ән салайық би билейік, би билейік,
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер!
Бірге аттанып болашаққа, өмірге,
Тікті бүгін ортамызға отауын.
Қуаныш пен шаттық орнап көңілге,
Тойламаққа келді бүгін көп қауым.
Қайырмасы:
Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер,
Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдер!
Ән салайық би билейік, би билейік,
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер!
Жас шаңырақ болсын бақыт бесігі,
Жас жұбайлар, құтты болсын тойларың.
Кең ашылсын болашақтың есігі,
Орындалсын арман, тілек, ойларың.
Қайырмасы:
Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер,
Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдер!
Ән салайық би билейік, би билейік,
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: kzmz.region.kz, dastan-studio.kz
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/2tEWfUT-K0c?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});