Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, жас өнерпаздар жетістігін насихаттау – бүгінгі медианың бір мақсаты десек те болады. Cол мақсат жолындағы жазбамыздың келесі кейіпкері республикаға танымал жас әнші – Елжас Оспан.
Өнерге өз сүрлеуі, өз соқпағымен келіп тыңдарманын тапқан, халықтың ықыласына бөленіп үлгерген Елжас Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Ол жұрт алдына шығып, танымал болған уақытқа дейін кафе, ресторандарда ән айтып жүргенін жасырмайды. Әнші өнердегі ағалары қолдап, керемет адамдармен танысуға себепші болғанының арқасында тың туындылар жазылып, авторлық әндері арқылы халықтың жүрегінен жол тапқанына қуанышты.
Әнші болу менің бала күнгі арманым болатын. Сол арманның жетегінде Өскемен қаласында тойларға шығып жүрдім. Кейін Алматыға келгенде «Диета.kz» тобының белді әншісі, өнердегі ағамыз Жасұлан Базарбаев қазіргі хит әндерді туындатқан, белгілі композитор ағамыз Дәурен Сердалиевпен таныстырды. Өзіме жанашыр болған Айдын Смағұлов ағам қазақтың марқасқа ұлы, талантты әншісі Тоқтар Серіковпен жолықтырып, сол кісіге шәкірт болған жәйім бар, - дейді.
Ұстазы мықты шәкірттің осал болуға хақысы жоқ. Талантыңды шыңдап, тағдырыңда табанды болуға үйрететін де – ұстаз. Елжас Тоқтар ағасының үдесінен шығуға талпынатынын айтып, «ол кісіден аларымыз өте көп» - деп ағынан жарылды.
Бала күннен әндеріне сусындап өскеннен кейін Тоқтар Серіковтың шәкірті болу мен үшін зор мәртебе. Қазақ өнеріне келуіміздің бірден бір себепкерлері сол алдыңғы буын ағаларымыз емес пе?! Тоқтар ағамыз сияқты қазақтың ерке ұлына шәкірт болғанымды мақтан тұтам. Ол кісіден аларымыз өте көп. Алла бұйыртса өнер жолында тәрбиелеп жүрген ұстазымның үмітін ақтасам деген ниетім бар.
Мына індет біршама өнердің ғана емес, қаншама тынымсыз тіршіліктің жолын байлады. Елжас соған қарамастан еңбектенуін тоқтатпай, ән жаздырып, композиторлармен жұмыс жасап жатыр екен.
Қазіргі таңда бір ән жинағым жарық көрді. Екі бейнебаян түсіріп үлгердім. Бұған дейін Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Қанат Үмбетов төртеуміз бірге ән жаздырып, жарыққа шығарған болатынбыз. «Диета.кz» тобымен де дуэт орындадым. Алдағы уақытта жаңа әндер жарыққа шығады. Соған байланысты Нұртас Тұрғанбекұлы деген ақын ұлдарыңызбен бірлесіп жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.
«Әннің де естісі бар, есері бар» - демекші қазіргі уақытта неше алуан әндер жарыққа шығып жатыр. Бірін ұқсаң, бірін түсінбейсің. Тамырында тағдыры жоқ сөздердің рухани тәрбие бере алмайтыны анық. Десе де Елжас осы олқылықтың орынын толтырғысы келеді.
Болашақ мақсатым қазақ халқының жүрегінен орын алатын есті әндер орындап, қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбамды қалдырсам деймін. Жақсы, тың дүниелер шығарып, сапалы бейнебаян түсірсек деген ниет те жоқ емес. Ол үшін талмай, тынбай еңбек етемін. Алла қаласа көпшілікпен жақсы жаңалықтарыммен бөлісетін боламын.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ бірінші ата-анасы тәрбиелейді. Ал өмір жолына қадам басқан сәттен бастап барлығына ұстазы баулиды. Елжастың ұстазы Ардақ Халитова да «жан-жағына шуағын шашып жүретін жүрегі кең, ақкөңіл бала болды» - деп пікір білдірді.
Елжас бала кезінен-ақ ән айтып, мектептегі шараларға белсенді қатынасып көзге түсті. Жан-жағына шуағын шашып жүретін жүрегі кең, ақкөңіл бала болды. Тектілік қанында бар, талант тағдырында болатын осындай азаматтарымыз ұстаздың ғана емес, елдің жүгін арқалайтын, ел мақтан тұтатын тұлға болатынына сенім білдіремін.
Әнші боламын деп әуелден-ақ мақсат қойған Елжас ұлдарыңызға өнердегі жолы ашық, Тоқтар ағасындай азулы әнші болсын деген тілек білдіреміз.