Тоқтар Серіковтың бағын ашқан - "Көршінің қызы"

Тоқтар Серіковтың бағын ашқан - "Көршінің қызы"

Белгілі әнші Тоқтар Серіковтың орындауындағы сөздері қарапайым «Көршінің қызы» әнін білмейтін жан жоқ шығар. Бұл сәтті шыққан әндердің бірі. Бұл өз орындаушысының бағын ашқан ән.

«Көршінің қызы» әнінің сөзін де, әуенін де белгілі журналист, айтыскер ақын Бекжан Әшірбаев жазған. Бұл әнді Бекжан Әшірбаев студент кезінде жазған екен. Ол әрдайым төс қалтасына диктафон салып жүреді екен. Себебі, әуен аяқ асты келеді. «Көршінің қызы» әнінің әуені де ақынға күтпеген кезде табан асты келген. Әуенін жазып алған соң, Бекжан Әшірбаев кәсіби музыкалық білімі бар таныс-достарына  көрсетіп, артық-кем тұстарын түзетіп алған. Ақын бір сөзінде: «Маған «Көрші қызына ғашық болғансыз ба?» деген сұрақты жиі қояды. Мен көрші қызына ғашық болмасам, оған арнап ән шығарар ма едім?!» деп еді. Қарап отырсақ, әннің шығу тарихы өмірде болған оқиғамен жанасқан.

Ән авторы - Бекжан Әшірбаев

Ән сөзі мен әуені дайын болған кезде автор оны орындайтын әншіге іздеу салады. «Көршінің қызы» әнін Қалдыбек Құрманәлі Шымкент қаласында жүргенде тыңдап, дереу авторға хабарласады. «Бұл әнді тек Тоқтар Серіковке бер. Ол әнді нақышына келтіріп орындап береді» деп айтады. Ағасының ақылына құлақ асып, автор әнді Тоқтар Серіковке ұсынады.

Көршінің қызының керемет жан екенін әнге салған Тоқтар Серіков әуелгі бастан әнді айтамын деп ойламаған. Күтпеген жерде Ұлықпан Жолдасов студиясында «Көршінің қызы» әнін тыңдап, жаздыртып кетеді. Арада біраз уақыт өткен соң, әншіге Ұлықпан Жолдасов хабарласып, жазылған әннің сәтті шыққанын қуана-қуана жеткізеді. Ән радио-телеарналардан беріліп, үздіктердің қатарында болады. Кеңінен таралып, халық әнді жақсы қабылдайды. Тіпті, ел арасында «Тоқтар көршісінің қызына ғашық екен, соған арнап арнайы ән жазыпты» деген шындыққа жанаспайтын, қауесет сөздер таралды. Алайда, әнші өсек-сөзге жол берген тыңдарманына: «Қойшының баласы мына мен ауылдан ары тігілген отауда туып өстім. Біздің ең жақын көршімізбен арамыз шамамен жиырма шақырым жерде тұрады. Сондықтан да көршілерді көріп, олардың қыздарына ғашық болатын жағдайым болмады» - деп жауап қатқан еді.

Көршінің қызы

Әні мен сөзін жазған – Бекжан Әшірбаев

Орындаушысы – Тоқтар Серіков

Ғашықтар халқы ұлылық күтті,
Орындалмасын кім білген?..
Қағаз гүлдердің ғұмыры тіпті
Ұзақтау екен шын гүлден.

Қайырмасы:

Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі де оның жақсы адам.
Ауылдан біздің неге кетеді,
Ауа райы ма жақпаған?

Ол қызға берер антым да дайын,
Сағына білдім әр тәулік.
Алты құрлыққа атыңды айтайын,
Алфавиттегі алты әріп.

Қайырмасы:

Ештеңе етпес кідіріп келсе,
Уақыттың ұзақ көшінен.
Естелік үшін бір күліп берсе,
Ажалдың өзін кешірем.

Қайырмасы:

Суреттер: jazzyhat.kz, dastan-studio.kz

Ғ. Ұзақ