The Spirit of Tengri. Көктен сиқырлы сазға нұр қосылып жауған күн

The Spirit of Tengri. Көктен сиқырлы сазға нұр қосылып жауған күн
Фото: Massaget

Өткен демалыс күндері Алматыда The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі болды.

Екі күндік шара жексенбі, яғни, 3 маусым күні мәресіне жетті. Айта кетейік, бұл фестиваль биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Бұл жолы фестивальге қатысу үшін 12 музыкалық топ келді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалінің ашылу салтанатында, яғни, 2 маусым күні сөйлеген сөзінде: "Мың бояулы керемет Алматымызда басталған алтыншы халықаралық The Spirit of Tengri фестивалінің ашылуында сіздерді көргеніме қуаныштымын. Осымен алтыншы жыл біздің қаламыз түрлі мәдениетті, дәстүрді, шығармашылық пен шабытты топтастырған мекен болып отыр. Біз Ұлы даланың мұрасын мәңгі жалғастырамыз. Заманауи музыка, тек қазақтың емес, бүкіл түркі халықтарының, Алтай, Сібір, тіпті өзге құрлықтағы халықтардың музыкасы тамырын терең жайды. Ең биік тау Жетісу бекерге Алматының жанында емес, ұлы шыңдардың бірі Тянь-Шань, Хан Тәңірі аталады. Шығыс халықтарының дүниетанымына тәңірлік циклдік немесе қазақ ұлттық күнтізбесі зор ықпал етті. Биыл Орталық демалыс және мәдениет саябағында осы күнтізбеге арналған сәулет формасын орнатамыз. The Spirit of Tengri фестивалі Алматының ең жарқын халықаралық мәдени жобаларының қатарына кіреді, ол музыка әлемінде брэнд болып қалыптасты. Ол әлемге Алматының бірегейлігін, алуандығын, Қазақстанның ықыласы мен қонақжайлығын паш етеді",– деді.

Фестивальдің алғашқы күні Өзбекстаннан Abbos, Қазақстаннан Dj Ras ED мен Dj Arsen Superfly, Франция, Нигер, Алжир елдері бірлестігінен ЕZZA, Бурятиядан Shono, Мозамбик пен Испания музыканттарынан құралған Childo Thomas, Израильден Q2A топтары өз өнерлерін көрсетіп, тыңдарманды шаттыққа бөледі.

Ал екінші күні, қазақстандық ALDASPAN этникалық рок тобы бастаған кешті диджей Алена Лобастова жалғады. Кейін кезек башқұрт жұртының аманатын арқалаған АРҒЫМАҚ тобына жетті. Концерттің орта тұсында Армениядан келген GATA BAND тобы алаңға жиналған жұртшылықты шығыстық сарында билетсе, франциялық YELE мен SPEED CARAVAN африкалық мәнердегі сазымен көпшілік көңілін жаулап алды. Соңғы аккорд STEPPE SCAPE еншісіне бұйырды.

Негізгі концерттік бағдарламадан бөлек, сахнаның аумағында қолөнершілердің жәрмеңкесі жұмыс істеді. Онда қонақтар қолдан жасалған заттар мен музыкалық аспаптарды және киім-кешектерді сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, фан-зона аумағында арнайы тамақтанатын жер ұйымдастырылған. Осылайша, фестиваль қонақтары музыканттардың жанды даусын тыңдап қана қоймай, түрлі халық мәдениетінің hand-made туындыларымен және қазақ халқының, еуропалықтардың дәстүрлі тағамдарымен таныса алды.

Фестиваль өткен күндер расымен Алматы аспанынан жауған нұр мен жан тербірентер сазды әуенімен есте қалды. The Spirit of Tengri фестиваліне келген шаһар тұрғындары мен қонақтары ұлттық музыка аспаптарының теңдессіз әсеріне еліте күн батқанша биледі.

Фестиваль Алматы әкімдігінің қолдауымен өтті. Жобаның бас серіктесі – Magnum Cash&Carry желісі. Қонақтарды "Қазақстан" (Hotel Kazakhstan) қонақ үйі қарсы алады. Фестивалге техникалық қолдау білдіретін – KZ Sound компаниясы.

Еске салайық, осыған дейінгі жылдары фестивальдің басты серіктесі Kaspi.kz болды.

А. Оралқызы