- Негізгі бет
- Музыка
- The Spirit of...
The Spirit of Tengri фестивалінің өтетін уақыты белгілі болды
Алматы шаһары – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір жерде тоғыстырған мульти-мәдениетті орта. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар жүрегінен айрықша орын алған сұлу қаланың осы басты ерекшелігін көрсететін бірегей шара болса, ол – The Spirit of Tengri фестивалі.
Ашық аспан астында өтетін концерт жаздың бірінші демалыс күндері, яғни 2, 3 маусымда Алматы қаласы Республика сарайының алдындағы Абай атындағы алаңда (қаланың басты open-air алаңы) өтеді. Сағат 17:00-де басталады. Кіру тегін.
Фестиваль Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен өткізіледі. Іс-шараның бас серіктесі – "Magnum Cash & Carry" компаниясы. Фестиваль Tez Tour Kazakhstan туроператорының қолдауымен өтеді. Қонақтарды "Қазақстан" (Hotel Kazakhstan) қонақүйі күтеді. KZ Sound компаниясы фестивальге техникалық қолдау көрсетеді.
Мерекеге сый ретінде былтырғы фестивальде ең үздік өнер көрсеткен топтардың видеожазбасының DVD дискідегі нұсқасы таныстырылады.
"Қазіргі уақытта қатысушылардың өрісі айтарлықтай кеңейді. Сол себепті 2018 жылғы фестивальге іріктеу шаралары осыдан 6 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі. Бізге түскен ұсыныстар ішінен қазақстандық тыңдармандарға ең қызықтысы ғана таңдалады. Бұл – басты талап",– деді The Spirit of Tengri жобасының бас продюсері Жан Қастеев.
Алматы тұрғындары мен қонақтары фестиваль кезінде Қазақстанға Франция, Израиль, Испания, Австралия, Нигер Республикасы, Буркино-Фасо, Өзбекстан және басқа да елдерден келген түрлі ethnoworld-ұжымдарының өнерін тамашалайды. Бұрынғы топтармен қоса, биыл Speed Caravan африкалық арабиялық ұжымы, израильдік Q2A тобы, өзбекстандық Abbos жобасы фестивальге қатысатындарын растады.
Әр жаз сайын Алматы қаласы Республика сарайының алдында өтетін музыка мерекесін жыл бойы күтетін көпшілік бірнеше күн бойы жан тебірентер сазды әуенге еліте, құмары қанғанша билейді. Әлем елдерінің этникалық салт-дәстүрін Қазақстан жерінде таныстыратын мәдени жобаға аса контрастты қонақтардың жиылуы әдетке айналған. Олардың қатарында кәрі де, жас та, түрлі ұлт, ұлыс, діни сенім, нәсіл өкілдері де болады.
Қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі – The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен еді. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері – "Роксонаки" тобы ашқан еді.
Алдыңғы жылы фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан. Олардың ішінде Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары бар.
Былтыр Қазақстан атынан "Тиграхауд" және "Алдаспан" этникалық рок-тобы, Nariman Issenov, Arsen Superfly, Rustam Ospanoff, Roman Bazhanov, "Барабаны Алматы" жобасы фестивальдің алғашқы күні өнер көрсеткен болатын. Өз еліміз атынан жастарға қоса, фольклорлық шығармашылығымен танылған мэтр Еділ Құсайынов биыл да өнер көрсетеді. Сонымен қатар іс-шарада Тываның Huun Huur Tu тобының шығармашылығымен де танысу мүмкіндігі туды. Олар сахнаға америкалық диджей Кармен Риццомен шықса, орыстың халық әндерін Башқұрстаннан келген "Катя Ямщикова" атты фолк-жобаның қатысушылары таныстырды.
Еске сала кетейік, осыған дейінгі жылдары фестивальдің басты серіктесі Kaspi.kz болды.
А. Оралқызы